Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
458.23 535.99 5.46

Абай облысында суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі талқыланды

Бүгін, 18:00 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдегі су шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйіне және алдағы дамуына арналған жиын өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы Асхат Смаилов баяндады.

Басқарманың мәліметінше, қазір облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 113,4 мың гектарды құрайды. Оның 32,9 мың гектары, яғни, 29 пайызы пайдаланылып жатыр. Қалған 80,5 мың гектар жер толық айналымға енгізілмеген. Суармалы алқаптардың негізгі бөлігі Үржар, Жарма, Бесқарағай, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында шоғырланған.

Биыл су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 35 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта мұндай технологиялар 30,6 мың гектарда қолданылып отыр. Оның 20,59 мың гектарында жаңбырлатып, 9,98 мың гектарында тамшылатып суару әдісі енгізілген. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 7,1 мың гектарға артқан.

Жиында ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйіне де назар аударылды. Облыста 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 551,2 шақырым болатын 41 магистралдық канал бар. Су тораптарының 13-і, каналдардың 401 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Қазақстанның су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында облыста 7 жаңа су қоймасын салу, 12 су торабын және ұзындығы 278,3 шақырым болатын 28 магистралдық каналды жаңғырту көзделген. Қазіргі уақытта Қарғыба өзеніндегі су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жолданып, Қарақол су қоймасының жобасы әзірленуде. Тағы бес су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр.

Ақсуат ауданында «Қарғыба» су торабын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 5822 гектар суармалы жерді қамтиды және оны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Аймақ басшысы жиында пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді қайта айналымға енгізу, шаруашылықішілік каналдарды қалпына келтіру, су үнемдеу технологияларын кеңейту және суармалы егіншілікке инвестициялық жобаларды тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Су шаруашылығы саласы ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға, суармалы жерлердің әлеуетін тиімді пайдалануға және өңірдің аграрлық секторын дамытуға бағытталған. Осыған байланысты суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, суару жүйелерін жаңғырту және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бойынша жұмыстарды күшейту қажет. Биыл облыста су ресурстары және ирригация басқармасы құрылды. Бұл мәселе үнемі біздің назарымызда болады», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив