Абай облысында 30 ауылдың кітапханасы жаңғыртылады: Абай ауданында алғашқысы пайдалануға берілді
Бүгін – Мұхтар Әуезовтің туған күні. Биыл жазушының туғанына 129 жыл толып отыр. Тұлғаның туған күнінде қаламгер дүниеге келген Абай ауданында бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.
Қарауыл ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орталық кітапхананың жаңарған ғимараты ел игілігіне берілді. Кітапхананың ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы, Қазақстан Халық кеңесі төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов, «TANA» қоғамдық қорының төрайымы Кәмила Лұқпанова, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Думан Орынбеков пен Мерей Қарт қатысты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әсіресе, жас ұрпақты кітапқа баулу маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Жаңартылған кітапханалар базасында кітап оқуға басымдық беретін заманауи «Jaña Klub» қоғамдық орталықтары құрылады. Жоба аясында 2026-2027 жылдары Абай облысындағы 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланған. Жобаның алғашқы кезеңінде жыл соңына дейін 15 кітапхана жаңартылып, ел игілігіне беріледі. Қарауыл ауылындағы М.Әуезов атындағы орталық кітапхана – осы ауқымды жоба аясында жаңғыртылған алғашқы нысан. Келесі жылы тағы 15 кітапхананы жаңарту көзделген.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 15 кітапхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және кітап қорын жаңартуға, «TANA» қоры жобалық басқаруға, кітапхана қызметкерлерін оқытуға және мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруға қаржы бөлді. Абай облысының әкімдігі ғимараттарды жөндеуге қолдау көрсетті.
«Jaña Klub» орталықтарында тұрғындардың кітап оқуына, білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады. Мұнда білім беру және мәдени шаралар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, 20-дан астам жаңа үйірме ашу жоспарланған. Жаңа кеңістіктер балалар мен жастарға ғана емес, барлық жастағы ауыл тұрғындарына арналған. Жоба аясында Қарауылдағы кітапхананың 3 қабаты толық жаңғыртылып, 5 үйірме ашылды.
«TANA» қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова кітапханаларды жаңғыртуда олардың мазмұны мен қоғамдық рөлін жаңа деңгейге көтеруге басымдық берілгенін айтты.










