Қазақстан мен Моңғолия стратегиялық әріптестікті нығайтып, бірлескен маңызды жобаларды жүзеге асырмақ
Қазақстан мен Моңғолия сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, бірлескен өндірістер мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 10-отырысында талқыланды.
Комиссия отырысына Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайшир Номтойбаяр, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері қатысты.
Тараптар сауда көлемін ұлғайту, инвестициялық байланысты күшейту, бірлескен өндірістер ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, көлік-логистика бағыттарын дамыту және кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты кеңейту мәселелерін қарады.
Қазақстан тарапы қол жеткізілген келісімдерді нақты жобаларға айналдыруға басымдық беретінін атап өтті.
«Екі ел басшылары деңгейіндегі саяси диалог экономикалық байланыстарды дамытуға берік негіз қалыптастырып отыр. Ендігі міндет – осы саяси серпінді нақты жобалармен, жаңа сауда келісімдерімен және өндірістік байланыстармен толықтыру. Біз Моңғолиямен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты кеңейтуге дайынбыз», – деді Айдарбек Сапаров.
Бұл жолда 2026 жылғы 22 шілдеде күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімінің мүмкіндігі зор. Құжат 400 тауар түріне қатысты сауда жеңілдіктерін қарастырады.
Екі елдің агроөнеркәсіп өнімдерінің саудасында да өсім бар. 2025 жылы бұл бағыттағы тауар айналымы 32 пайызға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында тағы 11 пайызға өскен.
Қазақстан Моңғолияға астық және оның өңделген өнімдерін, өсімдік майын, күріш, жеміс-жидек пен көкөніс, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу көлемін арттыруға ниетті. Сонымен қатар екі ел ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеп, дайын өнім шығаруға бағытталған бірлескен жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр.
Маңызды жобалардың бірі – жүн мен теріні терең өңдейтін бірлескен өндірістер құру. Бұл бастама Моңғолияның шикізат қорын Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктерімен ұштастырып, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы және арнайы техника, аккумулятор батареялары сияқты өнімдерді Моңғолия нарығына жеткізу көлемін ұлғайту мәселесі қарастырылды. Қазақстандық кәсіпорындар осы бағытта моңғолиялық компаниялармен тікелей байланыс орнатып, бірлескен жобаларға қатысуға дайын.
Инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту аясында машина жасау, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, тау-кен металлургиясы және логистика салаларындағы жобалар басым бағыттар саналады.
Моңғолия тарапы да Қазақстанмен нақты экономикалық жобаларды арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
«Моңғолия Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға баса назар аударады. Сауда, көлік, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация және гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүмкіндік мол. Үкіметаралық комиссия жұмысының басты нәтижесі екі ел бизнесіне жаңа мүмкіндік ашатын нақты жобалар болуы керек», – деді Нямтайшир Номтойбаяр.
Қазақстандық тауарларды Моңғолия нарығына шығаруға арналған нақты тетіктер де қалыптасып келеді. Биыл «KazTrade» моңғолиялық «МАКС ГРУПП» және «Mon-Kaz Trade & Investment Hub» компанияларымен екі келісімге қол қойды.
Сонымен қатар Ұлан-Батыр қаласында «Made in Kazakhstan» сауда алаңын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған алаң қазақстандық өндірушілердің өнімдерін Моңғолия нарығында тұрақты түрде таныстыруға және экспорттық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Сауданы қаржыландыру бағытында да нақты қадамдар жасалып жатыр. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Моңғолияның банктерімен жұмысын бастады. Trade and Development Bank үшін 33 млн АҚШ доллары көлемінде лимит мақұлданды. Онда 21 млн долларға қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу жөніндегі мәмілелер пысықталуда.
Көлік-логистика саласы да екі ел арасындағы экономикалық байланысты кеңейтудің маңызды бағыты болып отыр. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 16 пайызға өсті. Ал 2025 жылы автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 52 пайызға артып, 17,3 мың тоннаға жетті.
Екі ел астаналары арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы да өзара байланысты күшейтетін маңызды қадам болды.
Алдағы уақытта Қазақстан, Ресей және Моңғолия арасындағы көлік бағыттарын, сондай-ақ Қытай аумағы арқылы өтетін теміржол және автомобиль маршруттарын дамыту мүмкіндіктері қарастырылмақ. Бұл бағыттар сауда көлемін арттырып қана қоймай, екі елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Кездесуде ғылым, білім, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыру мәселелері де сөз болды. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мақсатында 2027 жылы Қазақстан мен Моңғолияда Мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Бұл шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылмақ.
Отырыс соңында Қазақстан-Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 10-отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылды.
Құжатта сауда көлемін арттыру, бірлескен өндірістер ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік бағыттарын дамыту және кәсіпкерлер арасындағы байланысты күшейту жөніндегі уағдаластықтар бекітілді.
«Бүгін біз екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген ортақ ниетімізді растадық. Қол жеткізілген келісімдер жаңа кәсіпорындар ашуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сауда көлемін арттыруға және көлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады. Қазақстан тарапы әрбір уағдаластықтың нақты іске асуына мүдделі», – деді Айдарбек Сапаров.
Осылайша, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыты сауда көлемін арттырумен ғана шектелмей, нақты өндірістік, инвестициялық және логистикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталып отыр. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, тау-кен металлургиясы, көлік-логистика және сауда инфрақұрылымы салаларындағы бірлескен бастамаларды алға шығармақ.



