Абай ауданында Шәкір Әбеновтің 125 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
Абай өңірінде халық ақыны, сөз өнерінің көрнекті өкілі Шәкір Әбеновтің туғанына 125 жыл толуына орай тағылымы мол мерекелік шара ұйымдастырылды. Ақынның өнегелі өмір жолы мен бай шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған салтанатты жиынға «Қаламқас» халық ән-би ансамблі қатысып, мерекенің мазмұнын өнермен өрнектеді.
Тағылымды шараның негізгі мақсаты – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынның әдеби мұрасын насихаттау, кейінгі ұрпаққа өнегелі өмір жолын таныстыру және оның есімін ел жадында жаңғырту. Мерейтой аясында ұйымдастырылған басқосу ақын шығармашылығын дәріптеумен қатар, мәдени мұраға деген құрметті арттыруға бағытталды.
Мерекелік шараға жиналған қауым алдымен Шәкір Әбеновтің музейіне арнайы саяхат жасап, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды мәліметтермен танысты. Музейдегі жәдігерлер мен тарихи деректер арқылы қатысушылар халық ақынының жүріп өткен жолына, әдебиет пен өнерге сіңірген еңбегіне шолу жасады. Бұл бөлім мерейтойдың мазмұнын тереңдете түсіп, ақын мұрасының тарихи және рухани маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Салтанатты жиынның шымылдығы «Шәкір мен Ағашаяқтың кездесуі» атты театрландырылған көрініспен түрілді. Сахналық қойылым арқылы ақынның шығармашылық болмысы, замандастарымен арадағы байланысы мен өнер адамдары арасындағы сыйластық көрініс тапты. Көрермендерге ұсынылған қойылым мерекелік шараның көркемдік мазмұнын байытып, өткен дәуірдің рухани тынысын сезінуге мүмкіндік берді.
Жиын барысында аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтады. Сондай-ақ ол Шәкір Әбеновтің шығармашылық мұрасын ұлықтауға, ақынның есімін дәріптеуге және тағылымды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Ақын мұрасын сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет екенін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Мерейтой аясында ақынның отбасына да ерекше құрмет көрсетілді. Шәкір Әбеновтің қызы Сана Шәкірқызына арнайы сый-құрмет жасалып, музей үйіне табыстау үшін теледидар сертификаты берілді. Бұл – ақынның артында қалған ұрпағына көрсетілген құрметпен қатар, оның рухани мұрасын сақтап отырған шаңыраққа деген ілтипаттың белгісі.
Сонымен қатар мерекелік жиында ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар да назардан тыс қалмады. Ауыл әкімі Әділет Кәдірғалиұлы бастаған бірқатар ауыл азаматтарына Алғыс хаттар табысталып, олардың атқарған жұмыстары мен ортақ іске қосқан үлестері атап өтілді.
Шара барысында ауылдың мәдени-рухани өмірін дамытуға бағытталған тағы бір жағымды жаңалық айтылды. Атап айтқанда, Құндызды клуб үйіне LED экран табысталатыны хабарланды. Бұл мәдениет ошағының материалдық-техникалық мүмкіндігін арттырып, алдағы уақытта өтетін мәдени-көпшілік шаралардың мазмұнын кеңейтуге септігін тигізбек.
Жалпы, Шәкір Әбеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтаған, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген мазмұнды басқосуға айналды. Музейге саяхат, театрландырылған қойылым, өнер ұжымының қатысуы және азаматтарға көрсетілген құрмет – барлығы да мерекенің тағылымдық мәнін арттырды.
Халық ақынының есімін ұлықтау – өткенге тағзым етіп қана қоймай, келешек ұрпақтың ұлттық руханиятқа деген құрметін қалыптастырудың маңызды жолы. Осындай игі шаралар арқылы Шәкір Әбеновтің өнегелі өмірі мен мол шығармашылық мұрасы ел жадында жаңғырып, кейінгі буынға насихаттала бермек.