Абай ауданында Мәннан Тұрғанбаевтың 140 жылдығына арналған танымдық кездесу өтті
Бүгін Кәмен Оразалиннің музей-үйінде Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі, ағартушы-педагог, публицист әрі қоғам қайраткері Мәннан Тұрғанбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай «Елім деп соққан жүрегі» атты рухани-танымдық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Тағылымды шараға Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Әйгерім Рысбекқызы мен Тоғжан Рахымбекқызы, сондай-ақ 5-сынып оқушылары қатысты.
Кездесуді музей меңгерушісі Қ. Оразалина ашып, қатысушыларға Мәннан Тұрғанбаевтың өмір жолы мен қоғамдық қызметі туралы қысқаша мәлімет берді. Сонымен қатар қайраткердің қазақ халқының ағартушылық саласы мен қоғамдық ойының қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Мәннан Тұрғанбаевтың қайраткерлік болмысы, азаматтық ұстанымы мен тұлғалық қасиеттері жөнінде ой бөлісіп, тарихи мұрасының маңызын талқылады. Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, оқушылар да белсенділік танытты. Олар ұйымдастырушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өз білімдері мен пайымдарын ортаға салды.
Шара соңында музей меңгерушісі Қ. Оразалина кездесуді:
«Елім деп соққан жүрегі, Аңсаған алдан азат күн. Халқының сүйген ұлы еді, Мәннаны келді қазақтың!» – деген өлең жолдарымен қорытындылады.
Сондай-ақ қатысушыларға ризашылығын білдіріп, тағылымды кездесуге атсалысқандары үшін алғыс айтты. Жиын соңында естелік суретке түсу рәсімі өтті.
Рухани-танымдық басқосу жас ұрпаққа Алаш қайраткерлерінің өмірі мен мұрасын танытып, тарихи тұлғалардың ел алдындағы еңбегін ұлықтауға бағытталды.


