«Қаладан – ауылға»: Абай ауданына 50 отбасы қоныс аударды
Абай ауданында ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңір басшысының бастамасымен қолға алынған жоба нәтижесінде жыл басынан бері ауданға 50 отбасы, яғни 218 адам қоныс аударған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов мәлімдеді.
Ауданға көшіп келген отбасылардың 34-і, яғни 147 адам Семей қаласынан қоныс аударса, қалған 16 отбасы (71 адам) өзге өңірлерден келген. Осылайша, жоба бойынша жоспарланған көрсеткіш толық орындалып, нәтижелілік деңгейі 100 пайызға жеткен.
Жаңа қоныстанушыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Бүгінде 50 отбасының 44-і тұрғын үймен қамтылған. Қалған алты отбасы баспана алуға қажетті құжаттарын рәсімдеп, тиісті жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар ауылға қоныс аударған азаматтардың тұрмысын тұрақтандырып, жеке шаруашылығын дамытуына қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта демеушілер есебінен жаңа қоныстанушыларға 30 бас ұсақ мал, 22 бас ірі қара және 13 бас жылқы берілген. Мұндай қолдау ауыл тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысуына және қосымша табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Мейіржан Смағұловтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендердің демографиялық ахуалын жақсарту, еңбек ресурстарын толықтыру және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру.
«Қаладан – ауылға» жобасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердің демографиялық ахуалын жақсарту, еңбек ресурстарын толықтыру және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді аудан әкімі.
Жалпы, «Қаладан – ауылға» жобасы ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп, елді мекендердегі халық санын арттыруға және жаңа тұрғындардың тұрақты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Баспана мен шаруашылықты дамытуға көрсетілетін қолдау ауылға қоныс аударған отбасылардың жаңа ортаға бейімделуіне ықпал етпек.