Абай ауданында әлемдік ареналарда топ жарған чемпиондарға құрмет көрсетілді
Абай ауданында халықаралық және әлемдік спорт додаларында ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген жергілікті спортшыларға құрмет көрсетілді. Биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатқан тоғыз спортшы аудан тұрғындарымен жүздесіп, қошеметке бөленді.
Мерекелік шара чемпиондар отырған автокөліктер шеруімен басталды. Жеңімпаз спортшыларды аудан тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алып, олардың жетістіктеріне ортақ қуаныштарын білдірді. Салтанатты шара одан әрі О. Арғынбеков атындағы саябақта жалғасын тапты.
Жиын барысында аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы сөз сөйлеп, ел мерейін үстем еткен спортшыларды жеңістерімен құттықтады. Ол халықаралық жарыстарда көк Туымызды желбіретіп, туған өлкенің атын асқақтатқан жерлестерінің жетістігі аудан үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті.
Сондай-ақ спортшылардың табандылығы, қажырлы еңбегі мен жеңіске деген жігері жас ұрпаққа үлгі екенін жеткізіп, алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.
Салтанатты рәсім аясында чемпиондарға аудан атынан Алғыс хаттар мен арнайы сый-сияпаттар табысталды. Бұл – спортшылардың ерен еңбегі мен ел намысын қорғаудағы жетістіктеріне көрсетілген құрметтің белгісі.
Жалпы, спорттағы әрбір жеңіс – тек жеке спортшының жетістігі емес, туған жердің мерейі мен елдің абыройы. Әлемдік ареналарда топ жарып жүрген жерлестеріміздің табысы – Абай ауданының ортақ мақтанышы. Ал олардың өнегелі жолы өскелең ұрпақты спортқа баулып, биік белестерді бағындыруға жігерлендіретіні сөзсіз.


