Аягөз ауданындағы бес дәрігерлік амбулаторияға жаңа санитарлық автокөліктер берілді
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданындағы бірнеше амбулаторияға жаңа санитарлық автокөліктердің кілтін табыстады. Көліктер Тарбағатай, Сарыарқа, Қосағаш, Бидайық және Мамырсу ауылдарындағы медициналық мекемелерге берілді.
Салтанатты шарада аймақ басшысы ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңызына тоқталды.
Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасының теңгеріміндегі бес санитарлық автокөлік ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға бөлінді. Оның үшеуі – «Газель NEXT» (ГАЗ1R23), екеуі – JAC Sunray маркалы А санатындағы санитарлық көліктер.
Жаңа автокөліктер берілген бес дәрігерлік амбулатория жалпы саны 4646 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, Тарбағатай ауылында 959, Сарыарқада 556, Қосағашта 416, Бидайықта 546, Мамырсуда 2169 тұрғын бар.
Айта кетейік, Аягөз ауданының денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 төсекке арналған жаңа реанимация бөлімшесі пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауруханада магниттік-резонанстық томография (МРТ) бөлімі ашылды. Жаңа бөлім Аягөзбен қатар Жарма, Үржар және Мақаншы аудандарының тұрғындарына да жоғары дәлдіктегі диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік береді.





