Семей қаласының барлық мектептерінде соңғы қоңырау мерекесі өтті
Бүгін Семей қаласының барлық мектептерінде соңғы қоңырау мерекесі өтті. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Шәкәрім мектеп-гимназиясында болып, ұстаздар мен оқушыларды, мектеп түлектерін құттықтап, мектеп бітіретін түлектерге ақ жол тіледі.
Қаламызда биылғы оқу жылын 68 мектеп бойынша 1937 түлек тәмамдады. Олардың ішінде 60 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып табылса, 155 түлек «Үздік аттестат» иегері атануға үмітті.
Осы оқу жылында Семей қаласының оқушылары республикалық, халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, айтулы жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, Семей қаласынан ғылым негіздері бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінде 83 орын, республикада 243 орын, Ғылыми жоба бойынша облыста 71, республикада 4, халықаралық деңгейде 2 оқушы жүлдегер атанды. Спорттық сайыстар мен шығармашылық конкурстардың республикалық кезеңінде 85 орын болса, халықаралық спорттық жарыстарда 43 жеңімпаз анықталды.
Салтанатты жиын барысында мерекелік концерт ұйымдастырылды. 11 түлектердің қатысуымен соңғы қоңырау соғылды.