Абай облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді
Ауыл шаруашылығы облыстың ғана емес, жалпы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып табылады. Инвестициялар мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың арқасында өңірде дәстүрлі мал және егін шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілуде.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру өткен жылдың соңында 473,3 млрд теңгеге жетті. Өсімге мал шаруашылығы өнімдерінің 4,1%-ға артуы есебінен қол жеткізілді.
Ет өндіру 5,1 пайызға, сүт 3,4 пайызға, жұмыртқа 3,8 пайызға өсті. Ірі қара мал басының саны 5%-ға артып, 728,3 мың басқа жетті. Сиыр 1,8%-ға (392,4 мың бас), жылқы 11,3%-ға (323 мың бас) және қой мен ешкі 4%-ға (1,1 млн. бас) өсті.
Облыс бойынша барлығы 742,5 мың га егін орылды, оның ішінде дәнді дақылдар – 331,9 мың га, майлы дақылдар – 265,8 мың га, мал азығы – 130,8 мың га, картоп 7,9 мың га және көкөніс 6,2 мың га.
Биылғы жылы егіс көлемі 743,6 мың гектарды құрап, көктемгі дала жұмыстарына 19,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Агроөнеркәсіп кешенінде келесі бағыттар бойынша 5,6 млрд теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда:
- суармалы жер көлемін 2863 га ұлғайту (3,0 млрд. теңгеге 3 жоба);
- ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге инвестициялар (0,3 млрд. теңгеге 2 жоба);
- ауыл шаруашылығы жануарларының генофондын жақсарту (0,8 млрд. теңгеге 3 жоба);
- ет өндіруді арттыру (1,5 млрд. теңгеге 1 жоба).
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Барлығы 297,7 мың гектар жер учаскелері анықталды. Ағымдағы жылы пайдаланылмаған 99,7 мың га жайылым қайтарылды (2023 жылға жоспар 250 мың га).