Жылумен қамту мәселесін шешу бақылауда – Нұрлан Ұранхаев
Семей тұрғындары үшін көп жылдардан бері жылу мәселесі өзекті болып келді. Қаланың сол жағалау бөлігі ЖЭО-1 арқылы жылумен және ыстық сумен жеткілікті түрде қамтамасыз етілсе, оң жағалауды жылу ресурстары әлдеқашан таусылған көптеген шағын қазандықтар желісі қамтамасыз етеді.
Семей қаласының оң жағалауында жылу энергиясының тапшылығы 118 Гкал құрайды. Облыс орталығындағы тұрғындар санының артуына орай көпқабатты үйлердің белсенді түрде салынуы жағдайды қиындатып отыр.
Осы мәселені шешу үшін «Самұрық-Энерго» АҚ ЖЭО-3 құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кірісті. Жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Алдын ала есептеу бойынша ЖЭО-ның жоспарланған жылу қуаты 1200 Гкал/сағ, ал электр қуаты 360 МВт болады.
Қазіргі таңда жылу қуатын 40 Гкал арттыру мақсатында «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтары қайта жаңғыртылуда.
Сондай-ақ, саланың басты мәселелерінің бірі – жылу желілерінің тозуы.
Абай облысындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 455,2 км, олардың орташа тозуы 63,8%-ды құрайды. Желінің шамамен 290 шақырымы қайта жөндеуден өтуде.
Жылу желілері Семейде – 68 пайызға, Курчатовта – 35, Жармада – 75, Бородулихада – 63, Аягөзде – 53, Үржарда – 30, Абай ауданында –25 пайызға тозған.
2023-2024 жылдары қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін өңірлді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңарту бойынша 11 жоба және желілерді жаңғырту бойынша 19 жоба енгізілген, оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 150,4 млрд теңге (жылу көздерін жаңғыртуға 95,5 млрд теңге, жылу желілерін жаңғыртуға 54,9 млрд теңге) қажет.
Меморандумдар аясында 23 жобаның ЖСҚ әзірленуде, бұл 2,2 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл жобалардың сметалық құны 105,5 млрд теңгені құрайды.
Үкіметпен бірлесіп, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесі пысықталуда.