Ербол Қарашөкеев қазақстандық мал өсірушілермен кездесті
Мал шаруашылығы қызметкерлерінің өткен кәсіби мерекесіне арналған дөңгелек үстелде саланың жетістіктері мен өзекті мәселелер туралы айтылды. Кездесуге Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Парламент депутаттары мен отандық мал өсірушілер қатысты. Диалог алаңын «Шопан-ата» ұлттық агро-қозғалысы ұйымдастырды.
Бүгінде мал шаруашылығы еліміздің АӨК-нің негізгі салаларының бірі болып табылады. Оның үлесіне ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің шамамен 40% тиесілі.
АШМ басшысы саланы дамытудың сапалық көрсеткіштерін атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9% ұлғайды, ал биылғы жылдың 5 айында өсім 3,6% құрады.
Соңғы 10 жылда елімізде мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті артты. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен малдың барлық түрлері бойынша асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсті. Мәселен, асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы ІҚМ жалпы басына қарағанда 7%-дан 13,5%-ға дейін ұлғайды, деп атап өтті министр.
Өткізу нарығын кеңейту үшін обаға қарсы іс-шаралар кешені іске асырылуда және ДДСҰ-мен солтүстік-батыс өңірлерде вакцинациялаумен аусыл бойынша салауатты мәртебесін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрдің пікірінше, бұл тәжірибе саланы одан әрі дамытудың, ауыл шаруашылығы жануарларын қорғаудың бастапқы нүктесі болады, сондай-ақ қазақстандық ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, былтыр жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша қолайсыз пункттер саны 13,5%, ал биылғы жылдың 5 айында 2 еседен астам қысқарды.
Қазір эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мәселелерінде аймақтандыру қағидатын өзара тану арқылы ҚХР, РФ және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, ВАК шешімімен 2023 жылғы 24 желтоқсанға дейін елден 60 мың бас бұқашық мен 120 мың бас тоқтыны әкетуге экспорттық квоталар ұзартылатын болады. Тиісті бұйрықтың жобасы жариялау сатысында тұр.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев отандық кәсіпорындардың мал өнімдерін импорттаушы елдердің тізіліміне енгізу жөніндегі жұмыс туралы айтып берді. 2020 жылдан бастап олардың саны 35% - 2484-тен 3357-ге дейін өсті.
АШМ басшысы саланы субсидиялау тетігін жетілдіруге де жеке тоқталып өтті. Кездесуге қатысқан мал өсірушілер өз ұсыныстары мен ескертулерін айтты, олар алдағы жұмыста ескерілетін болады.
Кездесу соңында министр саланың үздік қызметкерлерін атап өтті. «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісін шаруа қожалықтары мен компанияларының басшылары Орал Белтай, Бағдат Сэрэтер, Нұрлан Биманов, Марат Ибраймов, Усман Әлібеков алды, ал «Еңбек ардагері» төсбелгісі Бейбітшілік Толыбаевқа берілді.