Германияның Федералды Президентіне Құрық порты мен көлік-логистика саласындағы жобалар таныстырылды
Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен бірге Құрық портына барып, Орта дәлізді дамыту шеңберінде жаңа көлік-логистикалық жобалармен танысты.
Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Ақтау теңіз сауда портының оңтүстігінде орналасқан. Бүгінгі таңда оның өндірістік қуаты жылына 6 млн тонна жүкті құрайды. Негізінен паром кешені арқылы қазақстандық экспорттық және транзиттік жүктер өтеді. Қазіргі уақытта порт инфрақұрылымын кеңейту және оның ауыстырып тиеу қуатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Делегация Құрық аумағын аралап, паромдардың бірінде экскурсия жасады. Сонымен қатар Франк-Вальтер Штайнмайер мен Әлихан Смайыловқа перспективалы инвестициялық жобалар, соның ішінде «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының жобасы таныстырылып, порттың ағымдағы жұмысы туралы баяндамалар ұсынылды.
Бүгінде Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға тасымалданатын жүктердің 80%-дан астамы Қазақстан арқылы тасымалданады. Осыған байланысты Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға тасымалдаудың ең қысқа жолы – континенттік сауда картасында Орта дәліз ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы арта түсуде. Өткен жылы ТХКБ арқылы жүктерді ауыстырып тиеу екі есеге артып, шамамен 1,7 млн тоннаны құрады. Осы жылдың 5 айында жүк тасымалы 64%-ға өсіп, 1 млн тоннадан асты.
Қазақстан осы бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемін келешекте 10 млн тоннаға дейін жеткізуге мүдделі, сондай-ақ неміс және еуропалық серіктестердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін өз порт қызметтерінің мүмкіндіктерін ұсынуға дайын. Бүгінде Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілеті 20 млн тоннадан асады. Сонымен қатар Үкімет сыртқы логистикалық терминалдар құру және маршруттарды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Өз тарапынан неміс серіктестер перспективалы көлік-логистикалық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.