Орман өртінен кейінгі санитарлық жұмыстарға бақылау күшейтілді
Абай облысының аумағында болған алапат өрттен кейін күйген ағаштарды кесу мәселесіне қатысты қоғам тарапынан алаңдаушылық туып отыр.
Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевтың тікелей тапсырмасымен Полиция департаменті маусым айының 15-нен, яғни өрт оқшауланған күннен бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда тәртіп сақшылары өртенген аймақтан ағаштардың кесілуіне, тасымалдануына жол бермеу үшін алдын ала шараларды қатаңдатты. Облыс аумағаныдағы авто және теміржолдарда көліктер мен жүк вагондары жіті тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар өңірдегі Қоғамдық кеңес мүшелері арнайы комиссия құрады. Ол комиссия аталған мәселеге қоғамдық бақылауды қолға алады. Яғни, өрттен кейінгі санитарлық жұмыстар азаматтардың қатысуымен жүзеге асады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде «орман өртінен кейін ағаштар заңсыз кесіліп, тасымалданып жатыр», – деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаған болатынбыз.