Жарма ауданында жаңадан салынған тұрғын үйлер пайдалануға берілді
Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Әуезов көшесінде жаңадан салынған 20 пәтердің кілттері көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар санатындағы тұрғындарға табысталды.
Жалпы аудан бойынша «Қуатты Өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қалбатау ауылында 30 пәтерлі 3 қабатты және екі пәтерлі 25 тұрғын үй салынуда.
Қазіргі уақытта екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы толық аяқталды. Табыс етілген үйлерде барлық жағдай жасалған. Құрылыстың жүргізіп, қолданысқа беріп отырған мердігер ұйым - «Жарма Құрылыс-Газ» ЖШС.
Салтанатты шараға аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысып, баспаналы болған тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады. Аудан басшысының айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан халықтың баспана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде.
Пәтер иелері атынан ауыл тұрғыны, зейнеткер Қ.Рахымбаева алғысын білдірсе, құрылыс мекемесінің басшысы Д. Исабаева да өз құттықтау лебізін жеткізді. Ауылдың қадірменді ақсақалы, еңбек ардагері Т. Қасенұлы ақ батасын беріп, мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлады.