«Балалар кітапханасы» жобасы бойынша көркем әдебиеттер тізімі жасалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрілігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасында «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімі жасақталды. Оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма енді. Оның 76%— отандық, 24%— әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері.
Отандық шығармалар қатарына Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сында қаламгерлердің шығармалары енді. Ал әлем әдебиетінің тізімінде Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Александр Островский, Вальтер Скот, Михаил Лермонтовтың еңбектері бар.
Тізімді жасақтау үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары, мектеп кітапханашылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескерді.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Айта кетейік, қазіргі күні мектептердегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілді.