Семейде көпірасты жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Абай облысы орталығы Семей қаласының сол жағалауындағы жаңа заманауи қоғамдық кеңістік қолданысқа берілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Аспалы көпір астында муралдар бейнеленіп, спорттық алаңдар орнатылды. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары үшін таптырмас демалыс орнына айналары сөзсіз.
Айта кетейік, көпір асты алаңы бірнеше бөлікке бөлініп, онда воркаут алаңы, фитнес аймағы, балалар ойын алаңдарынан тұрады. Көрермендерге арналған 2 трибуна орнатылған. Жаңа қоғамдық кеңістік әртүрлі көркемдік элементтермен, қабырға суреттерімен толтырылған, бұл көпір аймағына эстетикалық көрініс береді. Аяқталған өнер туындыларының ауданы 1850 м2 құрайды.
Сондай-ақ, жарықтандыру мен тас жабынын төсеу жұмыстары да жүргізілді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылды.
Шара барысында «Ғашықтар» ескерткішінің ашылуымен қатар, жас жұбайлардың лента қию рәсімі өтті.
Шара соңында қалалық мәдениет сарайының әртістері мен танымал «AIZaBi» тобының қатысуымен мерекелік концерт болды.