Бас әскери прокурор Аягөз гарнизонына келді
Еліміздің бас әскери прокуроры әділет генерал-майоры Дастан Секенов Аягөз гарнизонына жұмыс сапарымен келді.
Іс-сапар барысында бас әскери прокурор 10810 әскери бөлімінің аумағында Аягөз гарнизоны әскери бөлім командирлері мен орынбасарлары және құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен ведомствааралық кеңес өткізді.
Аталмыш кеңесте қаралған негізгі сұрақ: Аягөз гарнизонындағы заңдылық пен құқықбұзушылықтың жай-күйі және әскери бөлімдердегі өзекті мәселелерді талқылау болды.
Жиында жалпы гарнизон бойынша құқық бұзушылық ахуалы талқыланып, оның алдын алу бойынша жүргізіліп отырылған іс-шаралар туралы Аягөз гарнизонының прокуроры әділет полковнигі Серік Байболатұлы баяндама жасады.
Сонымен қатар әділет генерал-майоры Дастан Әбдіқадырұлы гарнизондағы стратегиялық маңызы бар нысандарды аралап, әскери бөлім командирлерінен бөлімшелердің мақсаттары мен міндеттері, ағымдағы жай-күйі және проблемалық мәселелері туралы баяндамаларын тыңдады.
Сапар соңында бас әскери прокурор гарнизондағы жауапты тұлғалардың мәселелі сұрақтарын шешу бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын жеткізіп, әскери ортадағы тәртіптің қатаң сақталуы мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы әскери бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі