Аягөзде өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті
Аягөз гарнизонына қарасты 16443 әскери бөлімінің базасында өртке қарсы ведомствааралық тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен жоспарына сәйкес өткен оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - әскери бөлім аумағында өрт қауіпі туындаған жағдайда Аягөз гарнизоны әскери бөлімдерінің өрт сөндіру командалары мен Аягөз қаласы № 22 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің бірлесіп әрекет етуі, сондай-ақ шұғыл әрекет ету тобының шеберлігін арттыруға негізделген.
Жаттығу барысында арнайы әзірленген сценариге сәйкес әскери бөлімнен шартты өрт шығып, қойма қызыл жалынға оранды. Өрт орын алған аумақта орналасқан 16443 әскери бөлімінің жеке құрамы дабыл белігісі бойынша көтеріліп, қауіпсіз аймаққа көшірілді. Сол жерде арнайы штаб құрылып, барлық қызметшілердің өрт кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритмі жасалды.
Өз кезегінде өрт сөндірушілер санаулы минуттарда оқиға орнына жетіп, жалынды әп-сәтте сөндірді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Себебі бұл шынайы оқиға емес, оқу-жаттығудың сценариі болатын. Ал өрт сөндіру және құтқару тобы үшін бұл сценарий кәсібилікті тағы бір пысықтау болды.
Жаттығуға 30-дан астам маман мен 10-ға жуық өртке қарсы арнаулы техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысын бақылаған басшылық құрам оң баға беріп, құрылымдардың кәсібиліктерін атап өтті.