Ағымдағы жылы Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімдерінің сайлауы өтеді
Бүгін 8 қыркүйек күні Абай облысы мәслихатының кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына Абай облысының әкімі Нұрлан Телманұлы Ұранхаев және мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия күн тәртібіне келесі мәселелер ұсынылды. Атап айтсақ, Абай облысының аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауын өткізу бойынша пилоттық өңірлердің тізбесін белгілеу туралы, Абай облысы пилоттық өңірлердің әкімдерін сайлау күнін белгілеу туралы, Абай облысы Аягөз ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу туралы, Абай облысы мәслихатының 2022 жылғы 18 қарашадағы № 10/63-VII «Абай облысы бойынша жер комиссиясы құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Абай облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы мәселелері қаралды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында биыл елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Әкімдері сайланғалы отырған 45 өңірдің 2-і Абай облысына тиесілі.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлануын өткізудің маңыздылығын атап өтті. Абай облысы мәслихатының шешімімен пилоттық өңірлер болып табылатын Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімдерінің сайлауы 5 қараша күні өтеді деп бекітілді. Бұл сайлау – Президент тапсырмасының орындалуының айқын көрсеткіші, сондай-ақ Қазақстан тарихындағы жергілікті аудан (қала) әкімдерінің сайлау рәсімдерін өткізуде алғашқы тәжірибе.
Депутаттар көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.