Үржар ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Үржар ауданының Мақаншы, Үржар ауылында мансап орталығының ұйымдастырумен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға 24 жұмыс беруші мен 50-ден астам қатысушы қатысты.
Жәрмеңкенің нәтижесінде мансап орталығының мамандары 4 адамға тұрақты жұмысқа орналасуға арналған жолдама берді. Оның ішінде Мақаншы ауылындағы Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарына 2 адам жіберілді, тағы 2 азамат Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылыс жұмыстарын істеуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, 30-ға жуық тұрғын жұмыс берушілерден пайдалы кеңес алды. 2 адамға жастар практикасына, 2 тұрғынға әлеуметтік жұмыс орындарына, және 3 адамға қоғамдық жұмысқа баруға кеңес берілді.
Айта кетсек, Үржар өңірінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл тұрғындардың жұмысқа орналасуына, жеке және кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.