Аягөзде «Сыртқа ілсең жарнама, ана тілін қорлама» айлығы басталды
Ағымдағы жылдың тамыз айының 17 күні көшелердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың талапқа сай орналасуы мен қатесіз жазылуына ықпал ету мақсатында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қала әкімі аппараты, аудандық ауылшаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мамандары, «Аягөз жаңалықтары» газеті тілшісінің қатысуларымен Абай бульвары, Ақтамберді, Х.Дүйсенов көшесіне мониторинг жұмысы жүргізілді.
Айлықтың басты мақсаты – қаладағы көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарының орындалуын қадағалау, орын алған заң бұзушылықтар бойынша жұмысты ұйымдастыру.
«Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңының 21-бабына сәйкес, көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналсады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнамалар, ас мәзірлері, баға көрсеткіштері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады» деп заңда көрсетілген.
Аталған бағыттағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта жоспарға сай жүргізілетін болады.