Семейде ірі құрылыс жәрмеңкесі өтіп жатыр
Семей қаласында отандық тауар өндірушілердің және құрылыс индустриясындағы дистрибьюторлар жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған 30-дан астам құрылыс компаниясы, оның ішінде 3 дистрибьютор және 10-ға жуық отандық тауар өндірушілер қатысты.
Жәрмеңкенің мақсаты – құрылыс саласындағы кәсіпкерлерге өзара тәжірибе алмасуға және жаңа серіктес табуға бірегей мүмкіндік беру.
Жәрмеңкеде әртүрлі құрылыс материалдар, оның ішінде құм-әк кірпіші, асбест-цемент және темірбетон бұйымы, электр сымы мен кабелі, құрғақ құрылыс қоспасы мен бояулар, цемент, табиғи тастар, тас өңдеу зауыты ұсынған әктас, мәрмәр, гранит және т.б. ұсынылды.
Сондай-ақ, ауқымды іс-шараға отандық тауар өндірушілер, арнайы аяқ киім шығаратын Семей аяқ киім фабрикасы да белсенді қатысып жатыр.
Бұдан бөлек жәрмеңкеде тұрғындар мен келушілер құрылыс материалдарын қолжетімді бағада сатып алу мүмкіндігі бар.
Еске салсақ, жәрмеңке 15 қазанға дейін жалғасады.