Абай облысының әкімі өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – халқымыздың мемлекеттілік дәстүрі жаңғырып, бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.
1990 жылы 25 қазанда Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырған – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Азаттық таңы атып, егемен елдің жаңа тарихы жазыла бастады.
«Егемен болмай, ел болмас» деген сөздің тереңдігі мен ұлағаты осында болса керек!..
Бірақ, Егемендік – бәз біреулер ойлағандай, қазаққа тосыннан түскен сый, кенеттен бұйырған бақ емес!
Сондықтан, егемендігімізді еселеп, тәуелсіздігімізді «көзіміздің қарашығындай» сақтау – баршамызға артылған абыройлы міндет!
Ұлы Абайға арқа сүйеген мемлекетіміз, осынау күнге «ақырын жүріп, анық басып», саяси дүрбелеңге жол бермей аман жетті. Қазақстанды әлем мойындап, құрмет тұтады. Мұның барлығы – халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі мен жеңісі. Республика күнінің басты құндылығы да осында!Бұдан артық бақыт та, байлық та жоқ!
Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын берік, ғұмыры баянды болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Құрметпен, Абай облысының әкімі Н.Ұранхаев