Қазақстан Үндістандағы беделді туристік сыйлыққа ие болды
Қазақстан Versatile Excellence Travel Awards (VETA) марапаттау рәсімінде үндістандық туристер үшін ең үздік тренд бағыты болып танылды. Бұл Үндістанның туризм саласындағы жыл сайынғы ірі іс-шараларының бірі, онда саланың дамуында айтарлықтай өсім көрсеткен үздік компаниялар мен туристік орындар атап өтіледі.
Travelscapes - үкіметтік мекемелер, бірінші дәрежелі қонақүйлер, Туризм индустриясы, елшіліктер және корпоративтік секторлар арасында танымал үнділік кәсіби b2b басылымы.
Марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков қатысты.
«Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим енгізілгеннен бері біз Қазақстанға үнді саяхатшылары санының айтарлықтай өскенін көріп отырмыз және біз танымал туристік бағыт ретінде танылғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл жетістік Қазақстанды қалалық, экологиялық, қызықты оқиғалы, мәдени және MICE туризм бағыты ретінде ілгерілетуде бірлескен күш — жігердің нәтижесі», - деп атап өтті Дастан Рыспеков.
Айта кетейік, өткен жылы елімізге 28 300 Үндістан азаматы келген.
Бүгінгі таңда Eqonaq ақпараттық жүйесінің деректері бойынша Қазақстанның қонақ үйлерінде Үндістаннан 2000-нан астам қонақ тоқтаған.
Үндістан азаматтары Қазақстанның Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларында демалуды жөн көреді.
Сондай - ақ, Қазақстан биыл Делиде өтіп жатқан Оңтүстік Азиядағы ең ірі саяхат және туризм көрмесі-SATTE-ге қатысады, Үндістан Республикасы Туризм министрлігінің қолдауымен Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің стендінде өтеусіз негізде ұсынылған.
Қазақстандық делегация құрамында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің, Kazakh Tourism, төрт отандық туроператор және әуе компанияларының өкілдері бар.