Жолдардың қысқы маусымға дайындық барысы талқыланды
Абай облысы әкімдігінде өңірдегі автожолдардың қысқы кезеңге дайындық барысын талқылау мақсатында кезекті жиын өтті. Басты мәселе – қыс маусымы басталмай тұрып жолдардың жағдайын бақылау, жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Жалпы, 2023 жылы 362 шақырым автожолдарды жөндеуге 1,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат облыстық маңызы бар – 97 км, аудандық маңызы бар – 135 км, «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында – 77 км, сонымен қатар Семей қаласының 50 км жолына бағытталды. Стандартқа сай жолдардың үлесі 90% құрады.
Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір учаскелерде жөндеу жұмыстарының кешігуі тіркелген. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жұмыс қарқынын жеделдетіп, басталған барлық жобаларды мерзімінде аяқтау жөнінде қатаң тапсырма берді. Жөндеу жұмыстары нормативтік стандартқа сәйкес келмеген жағдайда облыс басшылығы мердігерлерді сот алдында жауапқа тарту қажеттігін айтты.
«Барлық жолдарды қалыпты жағдайға келтіру керек. Мердігер ұйымдардың жұмысын мұқият қадағалап, күн сайын мониторинг жүргізіп, ауа райының қолайсыз жағдайларында кешігулерге жол бермеу қажет», - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, жиында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ұзындығы 77 шақырымды құрайтын 33 жоба жүзеге асырылғаны айтылды. Келесі жылға дейін 18 жоба әзірленіп жатыр.