«Салауатты өмір сүріңіз!» іс-шарасы өткізілді
Семей қаласының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің КБ-де қызмет алушылар және олардың ата-аналарының қатысуымен «Салауатты өмір сүріңіз!»атты спорттық іс-шара болып өтті.
Шараның мақсаты – балаларды салауатты өмір салтына баулу, спортқа деген қызығушылығын арттыру және ата-аналармен мамандар арасындағы тығыз байланысты нығайту. Балаларды ептілікке, икемділікке бейімдеу. Ата-аналарды іс-шараларға қатыстыру арқылы Орталығымыздың күнделікті өмірімен таныстыру.
Қысқы спорт жарыстарына арналған сайыстар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биылғы сайысқа ата-аналар мен балалардан құрылған «Қыран» және «Жігер» топтары қатысты.
Спорттық дода «Біз біргеміз», «Аққала құрастыру», «Кім жылдам» кезеңдерінен тұрды.
Кедергілерді айналып өту, доп лақтыру, шайбаны шұңқырға түсіру сияқты жарыстарда екі команда бір-бірінен қалыспады. Әр топ жеңіс мәресіне жету үшін бірнеше кезеңнен тұратын кедергілерге төтеп берді. Ойынға қатысушылар түрлі эстафеталық тапсырмаларда өз жылдамдықтары мен ептіліктерін көрсете білді.
Сайыс қорытындысы бойынша қатысушыларға мадақтамалар табыс етіліп, таза ауада шай дастарханы ұйымдастырылды.
Спорттық жарыстар кезіндегі отбасылардың ұйымшыл және көңілді екендіктерін көру қандай қуаныш! Ата-аналармен бірлескен жұмыстар балалардың дамуына өз ықпалын тигізері анық.