Армия спортшысы еліміздің үздік боксшысы атанды
Астанада бокстан өткен VI жазғы спартакиада мәреге жетті. Бұл дүбірлі додада Орталық спорт клубының спортшылары үш алтын, бір күміс және бір қола жеңіп алды.
Былғары қолғап шеберлері 13 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Сайыстың алтын медальдерін Орталық спорт клубының спортшылары кіші сержант Сәкен Бибосынов, ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Теміртас Жүсіпов пен Сабырхан Махмуд жеңіп алды. Келесі жылы олар Олимпиада ойындарына лицензия алу үшін жұдырықтасатын болады.
Күміс медальді Қарулы күштердің қызметкері Абзал Құттыбеков, қола медальді Қарулы күштердің қызметкері Дархан Дүйсебай иеленді.
Спартакиада қорытындысы бойынша еліміздің үздік боксшысы анықталды. Турнирді ұйымдастырушылар бұл атақты 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен кіші сержант Сәкен Бибосыновқа берді.