Абай облысында қаңғыбас ит-мысықтарға арналған жаңа орталық ашылды
Семейде «4 лапы» қорының жануарларға арналған жаңа ғимараты ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, еріктілер, зооқорғаушылар, ветеринарлар мен қала тұрғындары қатысты.
Ғимарат 350 шаршы метр аумақты алып жатыр. Орталық үй жануарларын күтіп-ұстауға қажетті барлық құрал-жабдықтармен, арнайы орындармен толық қамтылған. Нысанда ит-мысықтарға ота жасайтын бөлме, оларды ұстайтын арнайы орындар, сондай-ақ жалпы ауданы 150 шаршы метрлік вольер бар.
Айта кетсек, орталық бұралқы ит-мысықтарды зарарсыздандыру және сауықтыру мақсатында маңызды рөл атқарады. Мұнда үй жануарларын емдеп қана қоймай, оларды жаңа ережеге сай сәйкестендіру үшін чиптеу процедурасы жүргізіледі.
Жаңа орталық Семей қаласы, Лесная көшесі, 50/2 мекен-жайында орналасқан.