Абай облысының әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті
2023 жылғы 24 қарашада төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Кеңес барысында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығы және елді мекендерді, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін және көлік инфрақұрылымын 2023-2024 жж. қысқы кезеңге дайындау мәселелері талқыланды.
Отырысқа комиссия мүшелері, қалалар мен аудандардың әкімдері, мүдделі ұйымдардың басшылары қатысты.
Жыл сайын қыс мезгілінде облыс бойынша табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар орын алады. Бұл облыстың автожолдарындағы қардың құрсауында қалуы және көліктік коллапстары, жылумен жабдықтау объектілеріндегі апаттар.
Облыстың автомобиль жолдарында ұзындығы 243,6 км болатын 244 қарлы учаске анықталды (республикалық маңызы бар - 65 учаске 51,3 км; облыстық маңызы бар - 179 учаске 192,35 км.).
Автожолдарда 30 жылыту пункті орналасқан, оның ішінде 21 – республикалық маңызы бар автожолдарда, 9 – облыстық маңызы бар автожолдарда, аудандық маңызы бар жолдарда қосымша 69 жылыту пункті (мектептер, интернаттар, балабақшалар және т.б.) анықталған. Бұдан басқа, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін МАО филиалының 3 трассалық медициналық-құтқару пункті (қосымша жылыту пункттері ретінде пайдаланылады) дайындықта тұр.
Сондай-ақ, қысқы кезеңдегі ТЖ-ға жедел ден қою үшін Абай облысының қалалары мен аудандарында жеке құрамның 947 адамы, 330 бірлік техника, оның ішінде ТЖД-нің жеке құрамның 804 адамы, өтімділігі жоғары техниканың 118 бірлік күш пен құрал дайындыққа келтірілді.
Отырыс қорытындысы бойынша әкімнің орынбасары қысқы кезеңде тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қауіпсіз күтіп ұстау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.