Әскерилер күзгі бал мерекесін атап өтті
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Абай гарнизонындағы 54770 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің «Алтын күз» атты күзгі бал мерекесі өтті. Патриоттық-мәдени шараға әскери бөлімдегі ең мықты деген сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздар қатысты.
Гарнизондық Офицерлер үйінде өткен шарада жас әскери мамандар ойын, ән, би арқылы күзгі мерекелік көңіл-күйлерін көтеріп, таныстырылым мен сән байқауында ерекше өнер көрсетті. Ал сәнді киінген қыз-жігіттер, күздің кереметін аша білді. Нақтылап айтатын болсақ, іс-шара өзін-өзі таныстыру, өнер сайысы, жұптар арасындағы ойын, сұрақ-жауап, өзіндік шығармашылық дайындық және үй тапсырмасы сынды алты кезеңнен тұрды.
Әскери бөлімінің командирі подполковник Қанат Танибергеновтің сөзінше, дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын балдың жыл санап ауқымы да кеңейіп келеді дейді.
Барлық тамашаланған концерттік нөмірлер күз тақырыбына арналып, жоғары деңгейде ұсынылды. Әділқазылар қатысушылардың өнері мен әр кезең бойынша жинаған ұпай санымен жеңімпаздарды анықтады. Осылайша тартысты да көңілді өткен байқаудың қорытындысы бойынша әділ-қазылардың шешімімен, күз ханшайымы мен ханзадасы Талант Мазаков пен Асем Алимбекова атанды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі