Сенатор Арғынбекова Үкіметті ядролық медицина саласындағы күрделі жағдайды реттеуге шақырды
Сенатор Айнұр Арғынбекова еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы ядролық медицинаны дамыту мәселелерін көтерді.
Депутаттың айтуынша, ол бұл саланың проблемасын бірнеше рет көтерген болатын, алайда Денсаулық сақтау министрлігі мен Өнеркәсіп министрлігі тарапынан қажетті қадамдар жасалмай отыр.
Депутат сондай-ақ қазақстандық Ядролық физика институтының қолда бар мүмкіндіктерін ескере отырып, ауруларға диагностика жасау және емдеу үшін елімізде өндірілетін радиофармпрепараттардың көлемі жеткіліксіз екенін атап өтті.
Сенатор Үкімет басшысына сауалында ядролық медицина саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар шараларды ұсынды. Атап айтқанда, энергетика және денсаулық сақтау министрліктері ядролық медицинаны дамыту мәселелерін реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер әзірлеуі тиіс және өзара келісуі керек. Радиофармпрепараттардың отандық нарығын кеңейту үшін Ядролық физика институтына екінші циклотрон сатып алу үшін қаржы іздестірілуі тиіс. Сондай-ақ иондаушы радиацияның калибрлеу көздерін өндіру үшін Ядролық физика институты базасында аккредиттелген жеке зертхана ашылуы керек.