Семейде қалалық жыр мүшәйрәсі өтті
Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікке тағзым» атты жас ақындар мүшәйрәсі өтті.
Байқау мақсаты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, көркем әдебиетті, сөз өнерін дәріптеу, тәуелсіздігіміздің нығаюына, жігерлі, табанды ұрпақтың тәрбиеленуіне ықпалын сезіндіру және патриоттық, гуманистік бағыттағы поэзияны дамыту.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ақындар тәуелсіздік тақырыбына өлең шығарып оқыса, екінші айналымда еркін тақырыпта жеке шығармашылығынан өлең оқып сыңға түсті.
Тәуелсіздік тақырыбында өлең жазу үшін қатысушыларға жеті күн уақыт берілді.
Мүшайраға мектеп оқушылары, колледж және жоғарғы оқу орын студенттерінен құралған 14 ақын қатысты.
Жас ақындардың өнеріне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Абай» журналының Бас редакторы М. Оспанов, әдебиеттанушы, ғалым Ә. Әліәкбар Alikhan Bokeikhan университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Г. Әбікенова, «Егемен Қазақстан» республикалық гәзетінің тілшісі С. Карипжанов төрелік етті.
Әділ-қазылардың төрелігімен байқаудың бас жүлдесін Рахатбек Ерзат жеңіп алса, 1 орынды - Ерланов Әлихан, 2 – орынды Нұрбол Ұлан және 3 орынды Сләмшайықұлы Мирас иеленді.
Сонымен қатар бүгінгі байқауда ерекше көзге түскен ақындар Қ. Рысқұлбекұлы, Е. Сыпатайұлы, Л. Асанова, С. Мұхамеджанова атындағы арнайы жүлделермен де марапатталды.
Ал байқауға қатысқан барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.