Абай облысындағы туристік нысандар цифрландырылды
Туристік аумақтарды көркейту және келушілерге барынша жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында Абай облысы әкімінің аппараты облыстың негізгі нысандарын цифрландыруды аяқтады.
Енді 2GIS қосымшасында Алакөл көлі, Барлық Арасан шипажайы, Абайдың Жидебай-Бөрілі музейі, Қоңыр-Әулие үңгірі, Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу ескерткіші, Шошқалы көлі, Киелі бұлақ, Ырғызбай, Баянбай ата, сондай-ақ Елеке сазының тарихи қорғандары туралы толық ақпарат бар.
Қосымшада жол инфрақұрылымын, жаяу жүргіншілер жолын және өңірде жұмыс істейтін кәсіпорындарды қамтитын толық электронды карта ұсынылған. Интерактивті карта мен маршрут Абай өңіріне келген туристтерге ыңғайлылық пен жайлылықты қамтамасыз ете отырып, сапарыңызды барынша жеңілдетеді.
Әрбір компанияның картасында барлық қажетті ақпарат, соның ішінде байланыс нөмірі, пайдаланушылардың пікірі және рейтинг көрсетілген. Туристер баратын демалыс орындары мен аймақтар туралы толық ақпаратты жылдам ала алады.
2GIS қосымшасында Абай облысының туристтік нысандарына бару жолдарын, тіпті жол белгілерін, әлеуметтік маңызы бар нысандар, аурухана, дәріхана, дүкен, банкомат, кафе, жанар-жағармай құю және техникалық қызмет көрсету станциясы, автотұрақтар және басқа да қоғамдық орындар туралы толық ақпаратты ұсынады.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі