Семей қаласы тұрғындарының назарына
2022 жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының ең жиі көтерген маңызды мәселелерінің бірі қатты тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмауы болды. Әкімдіктің жоспарлы жұмысының нәтижесінде ағымдағы жылы осы мәселе бойынша шағымдар айтарлықтай азайды.
Ағымдағы жылы қала шегінде 150-ден астам қоқыс алаңы жабдықталды, көлемі ұлғайтылған жаңа форматтағы 1325 контейнер орнатылды. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықты шығару компаниясы арнайы техниканың 4 бірлігін сатып алды. Қоқыс шығару мәселелері үнемі бақылауда.
Алайда, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері тұрақсыз орналасқан көліктерге байланысты қалдықтарды жинау үшін қоқыс жәшіктеріне бара алмайтын жағдайға жиі ұшырайды. Семей қаласы тұрғындарынан өз көліктеріңізді көлік тұрағына қоюды өтінеміз. Сіздерден көлікті жолға қалдырмауыңызды және арнайы техниканың өтуіне кедергі келтірмеуіңізді сұраймыз!