Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
513 541.16 4.69

Судың да сұрауы бар – «AMANAT» партиясында еліміздегі су тапшылығы мәселесіне назар аударылды

28-12-2023, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Алдағы 15 жылда Қазақстанда су тапшылығы туындап, 2050 жылға қарай тіршілік көзіне деген сұраныс үш есе артады деген болжам бар. Бұл ретте, «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында еліміздегі су тапшылығы мен су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында су мәселесіне ерекше тоқталып өткен. 

Сондай-ақ, Президент Үкіметке жаңа Су кодексін әзірлеуді және Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырды.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарының көлеміне әсер етіп, осыған байланысты елімізде су қоры жеткілікті ме, жоқ па деген заңды сауал туындап отырғанын атап өтті.

«Бізде жерасты, жер үсті сулары, мұздықтар, жауын-шашын, қар бар. Міне, осының бәрі мемлекетіміздің су ресурстары саналады. Еліміз жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су тұтынады. Соның 17 млрд текше метрі ауыл шаруашылығы саласына бағытталады. Дегенмен, аталған саладағы су шығыны 40-60%-ға дейін жетуде. Оған су үнемдеу технологияларының қолданылмауы, арналардың тозуы себеп болып отыр. Су жерге сіңіп жатыр. Өз бетімен бей-берекетсіз ағып жатқан 2200 астам су ұнғымаларын жою немесе консервациялау мәселесі де өте өзекті», – деді ол. 

Оның айтуынша, халық күнделікті тұрмыста, яғни жуынғанда, ыдыс-аяқ жуғанда су үнемдеу мәселесіне мән бермейді. Тіршілік көзі ысырап болып жатыр. Себебі, судың бағасы – өте арзан. Арзан болған соң да, отандастарымыз оған құнды тауар есебінде қарамайды. Анығында, су – мұнай, газ, уран сияқты стратегиялық маңызды ресурс.

«Бизнес өкілдері де су үнемдеуге құлықсыз. Мәселен, көлік жуатын стансалар суды қайтадан пайдалану технологиясын қолданудың орнына таза ауыз суға иек артады. Өндіріс орындарында да суды қайтадан пайдалану деңгейі өте төмен. Қолда бар мәлімет бойынша, бүгінде өндірістік кәсіпорындардың 30%-ы ғана суды қайтадан пайдаланады», – деді халық қалаулысы.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев еліміздің су саласында қалыптасқан жағдай жаға ұстататынын айтты. 

«Қазақстанда су саласын цифрландыру жұмысы 14 жылдан бері жүргізіліп келеді. Оған 10 жылда 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алайда, іс жүзінде саланың небары 1%-ға жетер-жетпес бөлігі ғана цифрландырылды. Яғни, тиісті датчиктер де, «Қазсушармен» тығыз байланыс та жоқ. Жалпы, елімізде су саласына қатысты қордаланып қалған мәселе өте көп. Ең бастысы, суды үнемдеуге, тиімді пайдалануға деген ұмтылыс болмай отыр.   Ширек ғасырдан кейін ұрпағымыз дәл осы су тапшылығының зардабын тартуы ықтимал. Су үшін сұмдық талас болады. Бұл – құр сөз, негізсіз жорамал емес, БҰҰ-ның болжамы. Егер ел болып, жұрт болып суды үнемдемесек, тиімді пайдаланбасақ осындай жағымсыз жағдайға тап боламыз», – деді ол.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов «Арал» теңізі мен «Сырдария» өзенінің қазіргі жағдайын тоқталды.

«Елу жыл бұрын «Арал» теңізінде 990 млрд текше метр су болған еді. Сексенінші жылдары «Мемлекеттік жоспар» деп аталатын ірі мекеме аталған теңізге 3 млрд текше метр су бөліп отырды. Себебі, «Аралдағы» су жыл сайын дәл осындай мөлшерде буланады. Олай болмаған жағдайда теңізден мүлдем айырылып қалатын едік. Осыдан 12 жыл бұрын 100 млн доллар жұмсап, 27 млрд текше метр судан тұратын кіші «Аралды» салдық. Ал 27 млрд текше метр су – «Шардара» су қоймасындағы су мөлшерінің бесеуі деген сөз. Сондықтан, су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне әрдайым жіті мән беру қажет», – деді депутат.

Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында «Арал» теңізінің солтүстік бөлігі көлемін ұлғайту, «Балқаш» көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, «Жайық» өзенінің экожүйесі қалпына келтіру көзделуде. 

Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысы суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу ісін тездетіп, ішкі су қорларымызды үнемдеу мақсатында 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу жөнінде тапсырма берген болатын. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив