Ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «...Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқор¬лық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз» - деді.
Иә, еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына болуы тиіс екендігін әрбір қазақстандық жете түсінуі керек деп ойлаймын. Әрине, халқымыздың ұлттық құндылықтары өте көп, оларға аса ыждағаттықпен, патриоттық сезіммен қарау бүгінгі заман талабы. Қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген болатын. ️Отбасы – мемлекет – қоғамның бірлескен жүйелі әрекетінің нәтижесінде ғана ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кемел тұлға қалыптасады.
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі - білім мен біліктілік. Дана халқымыз білімді ел – озады, ғылымсыз ел – тозады деп өсиет те қалдырған. Қазіргі кезде елімізде білім мен ғылым саласына үлкен қамқорлық жасалды. Өйткені, кез келген қоғам - адами капитал арқылы дамиды. Ұлттық құндылықты қалыптастыратын да, дамытатын да білімді, білікті кәсіби мамандар. Осы ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырғанымыз рас. Сондықтан бізге жеткен құндылықтарымызды ертеңгі күнге жеткізу әр азаматтың міндеті болу керек.
Күнделікті өмірде әттеген-ай, деп өкініш тудыратын қаншама ерсі қылықтардың жасалып жатуы қынжылтады. Осының бәрі ұлттық құндылықтарды елемеудің, оған жете мән бермеудің салдары. Кейбір азаматтарымыз ұлттық құндылықтарымыздың мағынасын шетелге барған кезде ғана сезініп жатады. Осындай жағдайларды болдырмау үшін Президентіміз айтқан сапалы ұлтқа айналуымыз керек. Сапалы ұлт болуды өзімізден, өз отбасымыздан бастайық.