Мемлекеттік қызмет – жастарға берілген жаңа мүмкіндік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі сұхбатында Қазақстанның ішкі-сыртқы саясат мәселелері, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді өзекті тақырыптар және жас мамандардың мемлекеттік қызметтері сияқты бірқатар маңызды мәселелер қозғалды.
Жас мамандарға жол ашатын кешенді шаралардың қабылданып, Президенттік жастар кадр резерві жасақталғаны бәрімізге мәлім. Билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берген жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.
Бүгінгі жаңа технологиялар заманында жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Сондай-ақ жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға берілген мүмкіндік жастарымыздың болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа нық сеніммен қадам басуларына жол ашады.
2023 жылы Мемлекет басшысының бірқатар бастамаларын іске асыруда «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын қайта жандандыру қолға алынған болатын. Осы ретте Шәкәрім университеті мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар меморандум аясында Шәкәрім университетінде «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын іске асыру жолдарын қарастырып, 9000-ға жуық білім алушы бар ЖОО-ны республикаға білікті әрі бәсекеге қабілетті кадр дайындауда өз үлесін қосуда.
ЖОО-да оқып жүрген жастар осы жобаның арқасында мемлекеттік қызметтің жауапкершілік жүгін сезіне алады. Дарынды, талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тарту, олардың біліктілік қабілеттерін және кәсіби шеберліктерін дамытуға бағытталған бұл жобаның жастар үшін берері мол.
Мақсат Карибаев
Шәкәрім университетінің PhD докторы