Көкпектіде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізілді
️Көкпекті ауданында азық-түлік пен тауар бағасына бақылау жұмыстары 13 мониторингтік топ тарапынан жүргізілуде. Олар аудан орталығындағы сауда орындарынан бастап барлық дүкендерді аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің құның күнделікті бақылайды. Ауданда жыл басынан бері 52 рейд ұйымдастырылып, 268 дүкеннің сөрелеріндегі бағалар тексерілді. Нәтижесінде, заң бұзушылықтар тіркелмеген.
Еске салар болсақ, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тауар бағасын ұстап тұру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тауар бағасын ұстап тұру бойынша 1 260 меморандумға қол қойылды, онда сауда кәсіпорындары ең төменгі сауда үстемесін 10%-дан асырмауға міндеттеме алды. Сонымен қоса облыс бойынша бағаларды бақылайтын 152 мониторингтік топ жұмыс істеуде.