Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Ербол Қарашөкеев Орталық Азия елдерінің Ауыл шаруашылығы министрлерінің VI кеңесіне қатысты

18-02-2023, 12:14 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан-ның АШМ басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы өнімділігінің тұрақты өсуі үшін қаржыландыру мәселелерін бейнеконференция форматында талқылады.  

Талқылауға БҰҰ агенттіктерінің және Азия Даму Банкі (АДБ), Еуропалық Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ), Еуразиялық даму банкі, Халықаралық Ауыл шаруашылығын дамыту қоры (ХҚДБ), Ислам Даму Банкі (ИДБ) және Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Әріптестерінің алдында сөз сөйлеген Ербол Қарашөкеев Қазақстандағы саланың жай-күйі туралы айтып, тұрақсыз геосаяси жағдай қоғамға көптеген заманауи азық-түлік жүйелерінің әлсіз тұстарын айқын көрсеткенін атап өтті.

Министр елімізде ФАО-ның қолдауымен әзірлелген АӨК-ті орнықты дамыту бойынша іске асырылып жатқан жобалар, оның ішінде 2030 жылға дейінгі саланы дамыту Тұжырымдамасы және 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоба туралы айтып берді. Екі салалық бағдарлама ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруға, Қазақстанды отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, өнім экспортын 2 есе ұлғайтуға және елдегі кемінде бір миллион ауыл тұрғынының табысын арттыруға тиіс.

Бұл міндеттерді шешу үшін АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, жер қатынастарын дамыту және саланы цифрландыру, аграрлық ғылым мен білім беруді жетілдіру, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін шаралар кешені іске асырылып жатыр.

«2022 жылы Қазақстанда АӨК субсидиялау көлемі ұлғайтылды. Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша үлкен жұмыс істелді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін барынша ескеруге, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсілдер әзірленді», - деді АШМ басшысы.

Субсидиялаудан бөлек, фермерлер жеңілдетілген несие және лизингпен қамтамасыз етілген.  Мысалы, жеңілдікті несиелердің арқасында былтыр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тиімді шарттармен 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алды. 

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саясатының бағдары ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және оларды кооперативтік кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Елде жеңілдікті шарттармен шағын несиелер беруді көздейтін бағдарлама жұмыс істейді. Жеті жыл ішінде 350 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперацияға тарту жоспарланып отыр.

«Инвестицияларды тарту бойынша жұмыс шеңберінде өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК-те ірі зәкірлік инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша ауқымды жобаны неғұрлым тиімді шарттарда іске асыру жоспарланып отыр. Осылайша, біз қазақстандық нарықтағы импорттық тауарлардың үлесін азайтып, оны өз өнімдерімізбен толықтыра аламыз», - деп атап өтті министр.

Жалпы, әлеуметтік маңызы бар тауарларды қоса алғанда, ішкі нарықтың азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша қамтамасыз етілуі 80 және одан да көп пайызды құрайды.

Отырысқа қатысушылар ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына инвестициялар, салалық зерттеулер жүргізу және білім беруді дамыту, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімдірек басқару бойынша пікір алмасты.

Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің Ауыл шаруашылығы министрлерінің VI кеңесінің негізгі мақсаты - салаға инвестицияларды ілгерілету тұжырымдамасын бірыңғай түсінуге қол жеткізу, сондай-ақ осы бағытта тәжірибе алмасу болып табылады. Кеңес қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығын шаруашылықішілік және мемлекеттік деңгейде тиімді қаржыландыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындалды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив