Облыс әкімі қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын тексерді
Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев өзінің орынбасарлары Димитрий Гариков, Әділбек Мұсабаевпен, сондай-ақ басқарма басшыларымен бірге Семей қаласын арнайы аралады.
Аралау барысында алғашқы болып Чернышевский атындағы №1 орта мектеп болды. Бұл бір ғасырға жуық тарихы бар Семейдегі ең көне оқу орындарының бірі. Бүгінде мектепте 868 оқушы білім алады, ал педагогикалық ұжым толық 100%-ға қамтамасыз етілген. Өткен жылы оқу кабинеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аула аумағына асфальт төселді. Мектепте 18 оқу кабинеті, сонымен қатар педагог-психологқа арналған үй-жайлар, медициналық кабинет және асхана бар.
Мектеп өзінің спорттық жетістіктерімен танымал болғанымен, білім ордасында шағын ғана спорт залы бар. Әкім оқу жағдайын жақсарту үшін жаңа спорт және акт залын салу қажеттігін де атап өтті.
Бұдан бөлек, облыс әкімі көлік кептелісі жиі тіркелетін Чехов көшесіндегі базар маңын да аралады. Жағдаймен жеке танысып, тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін Полиция департаментіне автотұрақ ережелерінің сақталуын жүйелі түрде қадағалауды тапсырды.
Облыс орталығының қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын тексеру барысында қоғамдық орындардың жағдайына ерекше назар аударылды. Нұрлан Ұранхаев жауапты мемекелерге көше және жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалауды, көктайғақты болдырмау үшін жұмыстарды жандандыруды жіті тапсырды.
Нұрлан Ұранхаев тұрақты түрде Семей қаласын аралап, тұрғындармен жиі кездесіп, облыс орталығына қатысты барлық түйткілді мәселелермен жеке танысып, барлығын жеке бақылауында ұстайды.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі