Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

11-10-2023, 18:19 018.kz

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (ҚЫРКҮЙЕК АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов 

3) Талғат Батырұлы Мұратов

Орташа рейтинг:

4) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев

5) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров 

6) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев 

7) Қанат Серікқанұлы Әділбай 

Аутсайдерлер:

8) Асхат Сайдахметұлы Смаилов 

9) Айдар Маратұлы Ибраев

10) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 2757,6 баллмен 2023 жылдың қыркүйек айының рейтингінде көш бастады. Ол қыркүйек айын алғашқы қоңырау салтанатына барудан бастады. Сондай-ақ, Семей үшін қыркүйек айы жағымды жаңалықтарға толы болды. Семейде жаңартылған аулалар ашылды. Айта кетейік биыл 71 аула жаңартылып, жөндеуден өтті. Кәсіпкерлік нысандарының қасбеттері жаңартылды. Ағымдағы жылы 30-дан артық кәсіпкерлік нысанның қасбеттері күрделі жөндеуден өтті. Жалпы ұзындығы 60 км болатын 40 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. 38 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылды. Қала әкімі тұрғындарды әр апта сайын тұрақты түрде қабылдап, олардың мәселелерінің шешілуіне ықпал жасады. Боранбай би көшесіндегі магистральдық жолға асфальт төселді. Көпбалалы аналарға алтын және күміс алқаларын салтанатты түрде табыстады. Қыркүйек айында тазалық жұмыстары белсенді жүргізілді. Тұрғындардың өтініші бойынша желіге №45 автобус бағдары қосылды. Қала күні жоғары деңгейде атап өтілді. Қалада жаңбыр суын тазарту жұмыстары 24/7 режимінде жүргізілді. Семейде жерасты өткелдеріне «Сергек» камералары мен әуен ойнайтын дыбыс құрылғылары орнатылды. Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй кілттері табысталды. Халыққа қолжетімді болу мақсатында Семей қаласы әкімдігі дербес бөлімдерінің Instagram парақшалары мен мәліметтерін желіге жариялады. Шульбинск кентінде workout алаңы қолданысқа берілді. Семей қаласында көмір қоры жеткілікті болу үшін тиісті шаралар қабылданды. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Абай облысы шахмат федерациясының төрағасы болып сайланды. Орталық саябақтағы көгалдар автоматты суару жүйесіне қосылды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 1187,6 баллмен ағымдағы жылдың қыркүйек айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Алғашқы қоңырау салтанатынан бастаған әкім келесі күні Қасқабұлақ ауылдық округіне барып, бірқатар нысандарды аралады. Қасқабұлақ ауылындағы су құбырының жөндеу жұмыстары мен қос пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс барысын тексерді. Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы орта мектептің жылу қазандығының жылыту маусымына дайындығын, ауылдық мәдениет үйінде жүргізілген жөндеу жұмыстарын көрді. Келесі кезекте Құнанбай әулетінің қорымы мен музейі орналасқан Ақшоқы мекеніне апаратын және Орда ауылына кіреберіс жолдардың жөнделу жұмыстарының барысын тексерді. Қарауыл ауылындағы жылу жүйесінің қайта жаңғырту мен Молдағалиев көшесінде орналасқан екі көп пәтерлі тұрғын үйлерге орталықтандырылған жылу жүйесін тарту жұмыстарының барысын және орталық қазандықтың қысқы маусымға дайындығын қадағалады. Қарауыл ауылы Тоқтамыс көшесінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған жолдың құрылыс жұмыстарының барысын көрді. Тұрақты негізде аудан тұрғындарын қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады. «Kieli Tabigat» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырды. Құндызды, Көкбай, Орда, Архат, Бөрілі, Кеңгірбай би, Медеу, Саржал ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1049,2 баллмен ағымдағы жылдың қыркүйек айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Аудан тұрғындарын жеке қабылдаудан бастаған әкім алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, оқушыларды білім күнімен құттықтады. Бесқарағай ауданының 95 жылдығына орай кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды. Бесқарағай ауылындағы орталық саябақтың құрылыс жұмыстарымен танысты. Тұрақты түрде апта сайын бағаны тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Жыланды ауылының орталық көшесіне жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда «Kieli Tabigat» республикалық акциясы жүзеге асырылды. Канонерка ауылдық клубының құрылыс жұмыстарын тексерді. Әкімдік отырысы өтіп, жылу маусымына дайындық шаралары пысықталды. 90 орындық «Айналайын» балабақша-бөбекжайында жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталмауына байланысты, бөлім басшысына ескерту жасады. Ауданның спорттық мекемелерін аралап жұмыс барысымен танысты. Беген, Жандос, Қоянбай, Қарабас ауылдарына барып, тұрғындармен кездесу өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 945,5 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Ол қыркүйек айын білім күніне арналған салтанатты жиынға қатысудан бастады. Әкімдіктің салалық бөлімдерімен пайдаланылмайтын, бос тұрған ғимараттар мәселесі бойынша кеңес өткізді. «НҰР» ЖК өкілдерімен қалалық қоқыс алаңын қоршау және пластик қалдықтарының қоймасы үшін орын белгілеу бойынша басталған жұмыстарды талқылады.Қаланың ақсақалдар Кеңесі өкілдерімен кездесті. Қала тұрғындарымен жиындарда қалалық базардың жағдайы бірнеше рет көтерілген болатын, оның сыртқы келбеті қаланың сәулеттік келбеті мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Осы мәселені шешу бойынша кәсіп иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.2023-2024 жылғы жылу беру маусымына дайындық мәселесі бойынша кеңес өткізді. ТҮКШ бөлімі басшысымен бірге аула алаңдарының үштен бірін аралап шығып, оған ескертулер жасады. Электр жарығы мен су беру жүйесінде орын алған апатты жедел шеше білді. Сондай-ақ, әртүрлі сала өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

5. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 894,3 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Ол биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген орта мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың көтерген мәселелі сұрақтарына жауап берді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан орталығы мен Шар қаласында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. «Ауыл Ел - бесігі» бағдарламасы аясында Абдрахманқызы мен Әлімбетов көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Шар қаласының 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын арнайы құрылған жұмыс тобымен бірге пысықтады.Әуезов, Жанғызтөбе кенті, Бірлікшіл, Бірлік, Шалабай, Ақжал, Белтерек ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 815,8 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Ол қыркүйек айының алғашқы күні Шәріптоғай ауылына барып, білім күнінде Шәріптоғай негізгі мектебінің алғашқы қоңырау шарасына қатысты. Ауданның 10 білім беру ошағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.Көкпекті - Шәріптоғай ауылдары арасындағы автомобиль жолына асфальт төселді. Үлкенбөкен ауылында «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Биыл Көкпекті ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Соның нәтижесінде қыркүйек айында бірқатар ауылда асфальт жаю жұмыстары аяқталды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Ұлы Дала Елі алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, бірқатар ауылда іссапармен болып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен, ондағы мәселелермен танысты. Аудан тұрғындары Көкпекті ауылының Заречный аумағындағы саябақ жағдайының сын көтермейтіндігі туралы айтқан болатын. Аталған саябақтың жағдайымен танысып, бюджеттен қаражат бөліп, бірден ауылдық округ әкіміне саябақты ретке келтіру бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ажа ауылында 300 орындық заманауи ауылдық клуб ашылды. Аудан аумағында ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

7. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Қанат Әділбай Серікқанұлы 797,7 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Қыркүйек айының соңғы онкүндігінде тағайындалған әкім белсенділігімен көзге түсті. Ол Аягөз қаласының орталықтандырылған жылу қазандықтарын аралап, жылу маусымына дайындық барысын тексеруден бастады. Аягөз қаласының Р. Қошқарбаев көшесінде «Офтейк контракт»  негізінде жүргізіліп жатқан 28 екі пәтерлі (56 баспана) үйлердің құрылысымен танысып, құрылыс барысын қадағалап қайтты. «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» мәдениет үйінің, гимназия және солтүстік жылу қазандықтарында болып, жылумен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Мамырсу, Майлин, Ақшатау ауылдарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Әр апта сайын аппарат жиынын өткізіп, салалық бөлім басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Кешірімхан Бозтаевтың туғанына 90 жыл толуына орай өткізілген «Есімі сөнбес ұлы тұлға» атты ғылыми-практикалық конференциясына қатысты. Айта кетейік, аудан әкімі желіні жаңа, яғни мобилография форматында жүргізе бастады. Ендігі кезекте Facebook парақшасын қолға алса, алдағы уақытта үздіктердің қатарынан көріну ықтималдығы жоғары.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру және Facebook парақшаны тиімді қолдану мен жүргізу ұсынылады. 

8. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 698,9 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Аудан әкімі қыркүйек айында өзінің парақшасын жүргізуді ұмытып кеткен сияқты. Ол бұл айда небәрі екі-ақ жазба жариялаған. Оның біреуі – білім күнімен, енді біреуі – отбасы күнімен құттықтау. Әкімдіктің парақшасы белсенді болмағанда, Асхат Сайдахметұлы бұл орынға тұрақтамаушы еді. Бірақта келесі айларда бұл олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. 

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

9. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 688,4 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Аудан басшысы қыркүйек айын білім күніне арналған салтанатты жиынға қатысудан бастады. Ай көлемінде тұрақты негізді азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылады.Лесхоз шағын ауданында болған орталық су құбыры желісіндегі апатты жедел шеше білді. Бақы, Дмитриевка, Белағаш, Подборный, Новопокровка, Петропавловка, Зубаир, Степной, Новодворовка, Жезкент, Переменовка, Жерновка, Новошульба, Андреевка ауылдарында халықпен кездесулер өткізіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Зенковка ауылында шағын футбол алаңы мен воркаут алаңы ашылды. Сондай-ақ, аудандағы құрылыс жұмыстарын қадағалап, мердігерлермен кездесті. Ауданның 95 жылдығына арналған мерекелік шаралар жоғары деңгейде атап өтілді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

10. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы.

Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы 493,5 баллмен көш соңына жайғасты. Бұл айда аудан әкімінің міндетін атқарушы еңбек демалысына шыққаны байқалады. Себебі аудандағы маңызды шараларға аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков қатысып, бірқатар ауылдық округ халқымен кездесулер өткізді. Әйтседе аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметке орала салысымен тиісті бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдерімен «Мадина» ЖШС-де болды. Қазіргі күні аудан тұрғындарын бағасы қолайлы көмірмен қамтамасыз ету мақсатында «Мадина» ЖШС-мен екі жақты меморандум жасалды. Жұмыс барысында Ақылбек Жұмабекұлы серіктестік басшысы Ғани Дәулетбекұлымен алдағы міндеттерді қарап, басты бағыттарды назарға алды. Қыркүйек айында аудан орталығындағы көшелерде жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарды бояу жұмыстары жүргізілді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудан әкімінің міндетін атқарушы бірқатар елді-мекенде болып, әлеуметтік нысандарды аралады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушыға ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив