Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
511.22 540.05 4.73

Елордада Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлері үшін жаңа кәсіптік стандартты енгізу мәселелері талқыланды

20-01-2024, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлеуметтік жұмыс бағыты бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңестің жобаларды басқару тобының кеңейтілген отырысын өткізді. Отырыс барысында «Әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы әлеуметтік қызметкерлер» жаңа кәсіптік стандарты қаралды.  

Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Назгүл Сағындықова және Олжас Ордабаев, ҚР ЕХӘҚМ салалық департаменттерінің қызметкерлері, Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың ұлттық ғылыми орталығының Ресурстық орталығы директоры Дарын Әубәкіров, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының м. а. Серік Мақыш, Басқарма мүшесі – ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова, ЖОО департаменттері мен факультеттерінің өкілдері қатысты.

Светлана Жақыпова алғы сөзінде Мемлекет басшысының инклюзивті қоғам құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру туралы хабардар етті. Осыған байланысты бағдарламалық құжаттар қабылданды, құқықтық база құрылды.

«Мемлекеттің халықпен тиімді қарым-қатынасы, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін ескеру мақсатында елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылуда, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы БҰҰ-ның барлық құқық қорғау конвенциялары ратификацияланды», – деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.

Сонымен қатар Министрдің айтуынша, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялауды, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлердің құзыреті мен мәртебесін арттыруды көздейтін Әлеуметтік кодекс күшіне енді.

«2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер тізілімі қалыптастырылады. Онда қызметкерлердің біліктілігі, олардың жұмыс тәжірибесі және олар көрсеткен қызметтердің сапасы туралы толық ақпарат болады. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болады», – деді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, жаңа әлеуметтік саясаттың инновациялық дамуына жәрдемдесу мақсатында Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығын Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығына трансформациялау жүзеге асырылды. Аталған институт халықты әлеуметтік қолдау бойынша қызмет көрсету саласын қалыптастыру және дамыту үшін әдіснамалық база болады.

Оның базасында Ресурстық орталық құрылды, оның негізгі міндеттері: арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды аккредиттеу, мамандарды аттестаттау – олардың құзыреттерін арттыру арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мұқтаж адамдардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады.  

«Әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы әлеуметтік қызметкерлер» кәсіптік стандарты туралы вице-министр Назгүл Сағындықова мен ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова баяндама жасады. Осыдан кейін отырысқа қатысушылар әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіптік стандартты қалыптастырудың айтылған тәсілдері бойынша пікір алмасты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив