Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауатты арттыру курсы бастау алды

7-02-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Биыл 750 мың отандасымыз қаражатты ұтымды басқарып, шығынды оңтайландыруды үйренеді. Халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасуда. Мәселен, бүгін курстан өтуге тілек білдірген азаматтардың алғашқы легін оқыту жұмысы басталды. Айта кетейік, былтыр жобаға 8 өңірдің тұрғындары ғана қатыса алса, енді тұрғылықты жеріне қарамастан барлық ниет білдіруші оқуға жазыла алады. Осы аптада 6 мың адам оқыту курсынан өтеді. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев барша қатысушыға сәттілік тілеп, құттықтау сөзін сөйледі.

«Халықтың шамадан тыс несие алуы – өте өткір мәселе. Миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бүгін еліміздің барлық өңірінде халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін жаппай оқыту курсы бастау алды. Жоба сарапшылары әр азаматқа жеке-дара көмек көрсетеді. Ешқандай мәселе ескерусіз қалмайды», – деді вице-премьер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 200 мың адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған әдістемелік құралдар әзірленеді. Бұл шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаражатқа неғұрлым жауапты қарауға үйретуге мүмкіндік береді.

«Биыл қаржылық сауатты мектеп қабырғасынан бастап арттыруды қолға аламыз. Сондай-ақ, еліміздің барлық 20 өңірінде партиямыздың филиалдары жанынан «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда кез-келген адам қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша келелі кеңес ала алады. Бүгінде әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар, курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Қатысушылар арасында баласының несиесін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де кездесті. Жобаның негізгі мақсаты – адамдарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмектесу. Жалпы, былтыр 65 мыңнан астам отандасымыз қаржылық сауатын арттырды. Енді оны 750 мың адамға жеткізуді көздеп отырмыз», – деді ол.

«Қарызсыз қоғамға» қатысушылардың 58%-ы – төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, адамдар күнделікті қажетін өтеу үшін несие рәсімдейді.

«Өкінішке қарай, адамдар несиені жағдайы жақсы болғаннан алмайды. Мәселен, көмір сатып алу үшін несие рәсімдеген адамдарды да жүздестірдік. Яғни, азаматтар қарапайым қажеттілігін өтейді. Алайда, несие отбасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етеді. Тіпті, жобаға қатысушылардың бірі қарызға белшесінен батқандықтан, ағайын-туысы да одан сырт айналғанын айтты. Сондықтан, қаржылық сауатты арттыру – ауадай қажет», – деді ол.

Сондай-ақ, іс-шара барысында: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев және тағы басқалар сөз сөйледі.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда қанатқақты режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап,  соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив