Абай облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен «әкімдік отырысында» су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу туралы ТЖД-нің басшысы Манарбек Шапағатов және Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асылбек Нұғманов баяндады.
Облыс аумағында қалалар мен аудандардың әкімдіктері, мүдделі мемлекеттік органдар су тасқынына қарсы іс-шаралардың бекітілген жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізіп жатыр. Эвакуация жағдайында уақытша орналастыру орындары анықталды. Жұмылдыру дайындығы басқармасының ұсынған деректеріне сәйкес елді мекендерден 61 мың текше метрге жуық қар шығарылды, 376 су өткелдері және 36 шақырым арық тазартылды.
438 тонна жанар-жағармай материалдары, 46 мыңнан астам қап және 1887 тонна инертті материалдар дайындалды. Арнайы қызмет мұз жиналуы мүмкін аумақтарда жарылыс жұмыстарын жүргізуге дайын. Су тасқыны болған жағдайда жедел ден қою мақсатында 1239 адам, 362 бірлік техника, 171 бірлік мотопомпа толық күшейтілген режимге келтірілген.
Жергілікті жол учаскелерінде жұмыстар жүргізу үшін апаттық бригадалар құрылды, 68 адамнан тұратын 3 апаттық бригада, олардың құрамында 27 арнайы техника бар, олар су тасқыны кезеңінде іске қосылатын болады. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері жолдар мен көшелерді қардан тазартуға 310 техника жұмылдырған.
Сондай-ақ, Нұрлан Ұранхаев Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысына облыс аумағындағы барлық су қоймаларына арнайы барып тұрып бақылау жүргізуді жүктеді.
Облыста барлығы республикалық және жергілікті маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 7 мың км құрайды (республикалық маңызы бар - 2 176 км, облыстық - 1592 км және аудандық - 2928,1 км), онда 188 көпір және 3218 су өткізу құбырлары орналасқан.