Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсына 900-ге жуық оқушы қатысуда
Биылғы жылдың 26 ақпан - 1 наурыз аралығында Тараз қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтуде.
Конкурс халықаралық тәжірибеге сай ашық көрме форматында барлық санитарлық, медициналық, өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп нормаларының қатаң сақталуымен өткізіледі.
Конкурстың республикалық кезеңіне 19 секция бойынша 679 жобамен 867 оқушы қатысады (188 топтық жоба, 376 оқушы), оның ішінде ауылдық елді мекендерден 62 оқушы бар.
Қатысушылардың 45 %-ы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдармен марапатталады.
Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге еліміздің беделді жоғары оқу орындарының 20-ға жуық ректорлық білім гранттары табысталады.
Конкурстың қорытындысы бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден ең үздік жобалар АҚШ-та (Калифорния штаты, Лос-Анджелес қаласы) өтетін Regeneron ISEF-2024 Дүниежүзілік ғылым және техника көрмесіне Қазақстанның атынан қатысады, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 3500-ден астам оқушылардың зерттеу жобаларының ең үздік өнертабыстары ұсынылады деп күтілуде.