Қазақстанда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай пошта маркасын шығару жоспарлануда
Қазақстан Республикасы (ҚР) мен Египет Араб Республикасы (ЕАР) арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында, ЕАР-дағы ҚР елшілігі Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 тыл толуына орай, пошта маркасын шығаруды жоспарлап отыр. Аталған мақсатта «Қазпошта» АҚ және Египеттің Ұлттық пошта ұйымы бірлескен пошта маркасын шығару туралы меморандумға қол қойды.
«Қазпошта» АҚ пошта сервисі жөніндегі басқарушы директор Әбілбаева Сәуленің айтуынша, пошта маркасын шығару Дүниежүзілік пошта одағы актілеріне сәйкес, әр елдің өз күші және қаражатымен жүзеге асырылады.
«Баршамыз ұлы қазақ сұлтанының Мысыр елін қалай гүлдендіргенін білеміз. Сұлтан Бейбарыс тұсында Мысырда мешіттер салынып, қолөнер, жер қатынастары, ғылым, өнер және т.б. дами бастады. Осыған орай, батыр бабамыздың туғанына 800 жыл толуының құрметіне, Египеттің Ұлттық пошта ұйымымен бірлесе отырып, пошта маркасын шығару туралы шешімге келдік. Аталған идеяға қолдау көрсеткен мысырлық серіктестерімізге алғыс білдіреміз», - дейді «Қазпошта» АҚ Пошта сервисі жөніндегі басқарушы директор Сәуле Әбілбаева.
Египеттің Ұлттық пошта ұйымы өкілдері, өз кезегінде, қазақстандық серіктестерге алғыс айтып, бірлескен жұмыста сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, тараптар өз қажеттіліктеріне қарай, пошта маркасының тиражын өздері анықтайтын болады.