«АБАЙ ЖАСТАРЫ»: үйленгендерге — «давай», бойдақтарға — «бабай»...
Жаңылмасам, өткен жылы болса керек, Семейде баспанасы басты мәселеге айналған жастардың жайын ойлаған атауының өзі шақырып тұратын «Абай жастары» деген бастама көтерілген болатын. Облыс орталығы мәртебесі оралған қаладағы кейінгі толқын ішінен Еркебұлан Тұрсын бауырымыздың бөркін аспанға атқан жерлес әрі қатарластарының қамын ойлап, Астанада ресми жиында айтқан осы ұсынысы көпшілікке де бірден ұнаған еді.
Тіпті, ұсыныс «Отбасы банк» тарапындағы арнайы бағдарлама ретінде қабылданып, оған 35 жасқа дейінгі кейінгі толқын өкілдері қатысуға барын салды. Сонымен не болды дейсіз бе?.. Семей Қаласы ның қай түкпірінен болсын, үй алуға өтініш білдірген 500-ден астам жастардың алғашқы жылы 43-інің 40-ы ғана ипотекалық жүйедегі баспана иесі болуға қол жеткізіпті.
Қарап отырып, қалғандары «Абай жастарының» қатарына еніп болғанша, қартайып кетпей ме екен? деген қауіпті сұрақ туады екен. Осындайда Абайдың әйгілі «Қартайдық, қайғы ойладық» ұлғайды арман» деген өлеңін де жасы қырықтан асқанда жазғаны еске түседі... Ең қиыны «Абай жастары» арқылы баспаналы болғың келсе, бойдақ, «басы бостар» қатарында болмауың керек екен. Яғни, «Үйлену оңай, үй болу қиын» мақалының мағынасы өзгеріп, «Үйлену де, үй алу» да қиын боп тұрған жайы бар. Қысқасы, «Абай жастары» үйленгендерге демографиялық тұрғыда «давай», бойдақтарға «бабай» болып тұр. Өйткені, шыны керек қазір үйі жоқ жігітке қыз да көз қырын салмайды... Ал, біз қазақтың саны 30 жылдан асқанда 20 млнға енді жеткенін айтып мәзбіз...