Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

5-04-2024, 09:00 Сабина Әлібек

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (НАУРЫЗ АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Қанат Серікқанұлы Әділбай

3) Талғат Батырұлы Мұратов

Орташа рейтинг:

4) Айдар Маратұлы Ибраев

5) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

6) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов

7) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев

Аутсайдерлер:

8) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

9) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

10) Асхат Сайдахметұлы Смаилов

1. Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрсағатов Нұрбол Төлегенұлы 3173,3 баллмен 2024 жылдың наурыз айының рейтингінде көш бастады. Алғыс айту күні қарсаңында шаһар басшысыхалық қарманы Әбдіғали Қаймолдинмен жүздесіп, сұхбаттасты. Болашақ Оқушылар сарайының құрылыс алаңына уақыт капсуласы салынды. Семей қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Қар тазалауды коммуналдық қызметтер күні-түні белсенді түрде жүргізді. «Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен әр салада қызмет жасап жүрген нәзік жанды арулардың арасында «Көктем аруы-2024» сұлулық байқауы ұйымдастырылды. Еріген қар суын сору жұмыстары 24/7 жедел түрде жүргізілді. Нұрбол Нұрсағатов Бобровка және Мұрат саяжайларының тұрғындарымен кездесті. Семейде Ертіс өзенінде мұзды жару жұмыстары жүргізілді. Наурыз мерекесі қарсаңында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы тарапынан Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада заманауи қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылып, Семей қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасына арнайы техникалық құрал-жабдық табысталды. Қала әкімі 2023 жылы жүргізілген көппәтерлі үйлердің қасбеттерін сырлау жұмыстарының жай-күйін тексерді. Семейде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті. Нұрбол Нұрсағатов Семей қаласындағы Омбы-Майқапшағай автожолының бойындағы зиратқа барды. Қала басшысы зират аумағын санитарлық тазалығын қадағалауды, қала тұрғындарының қатынауына зират жолын ретке кетіруді тапсырды. Наурыз мейрамы қарсаңында 77 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді. Ұлттық мейрам облыс орталығында жоғары деңгейде, қаланың әр ауданында аталып өтті. Мерекеге орай Семейде шахмат чемпионаты ұйымдастырылды. Аспалы көпірдің қоршауларын жуу жұмыстары жүргізілді. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов әр апта сайын азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың мәселелерінің шешу жолын қарастырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл жөніндегі және құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарын өткізді. Қала әкімі мәслихат депутаттары алдында есеп берді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

2. Әділбай Қанат Серікқанұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлы 2628,2 баллмен ағымдағы жылдың наурыз айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Аудан әкімі кезекті аппараттық мәжіліс отырыстарында аудан, қала бойынша қар тазалау жұмыстарын күшейту, арық, көпірлерді ашу жұмыстарын жүргізу, электр жабдықтау мәселесі, қаладағы қоғамдық көлік мәселесі, күл-қоқыс төгу контейлерін көбейту, көктемгі әскерге шақыру мәселелері қарастырылғанын жазды. Мереке қарсаңында ауданда кезекте тұрған тұрғындарға Р. Қошқарбаев көшесінде бой көтерген баспана кілттері табысталды. Баспана кілттері мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы отбасыларына, толық емес отбасыларына, бюджет қызметкерлеріне табыс етілді. Жарақатына қарамастан, қала көшелерін аралап, қазіргі уақытта өзекті болып тұрған суағарлардың жағдайларын көріп бақылауында ұстады. Және тұрғындардан осы мәселеге ұқыптылықпен қарап, өз маңайларыңызды қардан тазалау жұмыстарына белсене ат салысуға шақырды. Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында, мемлекеттік тұрғын үй қорында әлеуметтік жағынан осал топ ретінде кезекте тұрған тұрған 15 отбасыға Аягөз қаласының Р. Қошқарбаев көшесінде бой көтерген тұрғын үйлердің кілттерін табыстады. Ай соңында аудан орталығы тасқын сумен арпалысты. Аягөз өзені көтеріліп, қаншама жұртты әбігерге салды. Аудан әкімінің шешімен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып, су тасқынына қарсы шаралар жедел үйлестіріле білді. Көпірін шайған Бозай елді-мекеніне тұрақты негізде байланыс орнатылып, азық-түліктер жеткізілді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 2149,9 баллмен ағымдағы жылдың наурыз айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Алғыс айту күні Бесқарағай ауданында ерекше. Бұл күні денсаулық, білім, әлеуметтік сала өкілдерімен Бесқарағай ауданы әкімі аппаратының қызметкерлерін шуақты мерекемен құттықтап, мерекелік көңіл күй тарту еткен. Ауылдық округтер бойынша, Мостик ауылында су құбырының жағдайы бойынша орын алған мәселе өз шешімін тауып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бесқарағай ауданында қардың қалың түсуіне байланысты тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Аналар кеңесінің мүшелерін қабылдап, аудандағы гендерлік саясат аясында атқарып жатқан жұмыстарға алғысын білдіріп, аналарға арнайы әзірленген сыйлықтар табыстап, көктемнің шұғылалы меркесімен құттықтады. Аудан әкімі Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Нығметоллаұлымен кездескен. Кездесу барысында Бесқарағай колледжі базасынан ашылатын оқу-өндірістік зертханасының жұмысымен танысып, колледжді дамыту барысын талқылаған. Морозов орман шаруашылығы тұрғындары тарапынан көше жарығы мәселесі 5 жылдың төңірегінде өз шешімін таппаған мәселелердің бірі болатын. Бүгінгі күні мәселе шешіліп «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 22 млн. теңге қаражат бөлінді. Әкім аталған жұмыс жаз мезгілінің басында жүргізілетінін жазды. Одан бөлек, Талғат Батырұлы барлық ауылдарды аралап, су басу қаупі бар ауылдарды бақылауында ұстап отыр.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Ибраев Айдар Маратұлы 2037,0 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Аудан басшысы Новошульба ауылдық округінің Ақши ауылындағы Пролетарка орта мектебінде болған. Мектеп директорымен оқу орнының болашақ тағдыры туралы әңгімелесіп, кабинеттерді қарап шыққан. Сондай-ақ қазандықтың техникалық жағдайын көріп, көмір қорын тексергенін жазды. Халықаралық әйелдер күніне орай, ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар нәзікжандыларды барып, құттықтап қайтты. Жезкент кенттік округінде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауда кент тұрғындарын соңғы аптада мазалаған амбулаторияны қайта құру және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарға қатысты мәселелер талқыланды. Әкім қабылдауда айтылған өтініштердің басым бөлігі дәл осы тақырыпқа қатысты болғанын жазды. Жезкент кентінде жұмыс істейтін аудандық аурухананың тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орындары терапевтік, педиатриялық, гинекологиялық бейіндер бойынша стационарлық медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ күндізгі және хирургиялық стационарды кеңейту жоспарлануда. Абай облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов жұмыс сапары аясында Бородулиха ауданына барды. Сапар барысында аудан әкімдігінің ғимаратында аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат төрағасы, «Аманат» партиясы облыстық филиалы өкілдерінің, аудандық мәслихат депутаттарының, ұйымдар мен кәсіпорындар басшыларының, сондай-ақ шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен кеңес өткізген. Сонымен қатар, су тасқынына қарсы жұмыстар белсенді жүргізілгенін көруге болады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

5. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1820,7 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Абай облысы мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов Жарма ауданына да барған.  Кездесу өткізіп, оған аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес төрағасы мен мекеме басшылары қатысқан. Мәслихат төрағасы бас қосуда облыстық мәслихаттың қызметі туралы баяндады. Жарқынбек Борашұлы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары барысын өз назарына алып, бекіген жоспарлы жұмыстардың жергілікті жерлерде жүзеге асу барысы жеке қадағалауында болатынын жазды. Осы мақсатта Сұлусары ауылында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қолға алынып жатқан жұмыс барысымен танысып, ауылдық округтерді аралады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы 1794,2 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Абай ауданы наурыз айының алғашқы күнінде алғыс күнімен қатар құрылтай өткізген. Құрылтайда аудан әкімі 2024 жылдың 14-15 маусым күндеріне жоспарланған Құнанбай қажы Өскенбайұлының тойының өту барысымен таныстырған. Сонымен қатар, жиын барысында қор туралы реквизиттер қойылып, комиссия мүшелері дауыс беру арқылы тағайындалды. Халықаралық әйелдер күнінде ауылдың бірқатар нәзік жандыларын үйлеріне барып құттықтап қайтқан. Барлық әкімдер сияқты ауылдарды аралап су тасқынының алдын-алуға бағытталған жұмыстарын бақылауда ұстаған. Наурыз айының қуанышты жаңалығы Тоқтамыс ауылының тұрғындары үшін болды. Себебі, 652 тұрғыны бар ауылдық округке 4G «Beeline» интернет желісі іске қосылды. Мәслихат төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлымен бірге Абай ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқажан Серік Бимұратұлын мерейлі 70 жасқа толған туған күнімен құттықтап, сый-құрмет көрсеткен. Ел ағалары және ақ жаулықты аналардың қатысуымен тағы да баба тойына ақылдасу жиынын өткізген.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

7. Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Әбдірәлиев Болат Таңсықбайұлы 1642,7 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Әкім «КМЭК» МКК, қаржылық және өндірістік-техникалық қызметтерінің басшылығымен жұмыс кеңесін өткізіп, жиналыс барысында кәсіпорынды тұрақты экономикалық жағдайға келтіру мәселесі және тұрғын үйлерді жылытуға қатысты ағымдағы жағдайларды талқылаған. Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай Тәуелсіздік алаңында қалалық азаматтық қорғаныс күштерінің арнайы техникасының көрмесін ұйымдастырды. Бұл шара барысында төтенше жағдайлар кезінде адамдарды құтқару мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар түсіндірілген. Қаланы дамытудың кешенді жоспарын нақтылау мақсатында қала әкімінің орынбасарлары мен әкімдіктің дербес бөлім басшыларының қатысуымен кеңес өтіп, онда перспективалық даму жоспарларын таныстырған. Наурыз айында Курчатов қаласына қонақ көп келді. Мысалы, жұмыс сапарымен «АМАNАТ» партиясының облыстық филиалы, Абай облысы мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов жұмыс сапарымен барды. Одан басқа, түрлі блогерлер де барып қайтты. Қала активімен бірлесе отырып жиын өткізіп, оған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мекеме басшылары қатысқан. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қалалық комиссияның отырысын өткізді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласының әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

8. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы 1577,4 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Үржар ауданында наурызда жұмыс сапарымен Абай облысы Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Жакипов Санат Берікболұлы және «Үржар Вет» мекемесінің басшысы Әсет Абайбеков болып қайтқанын көрдік. Ол күні аудан көлемінде Ветеринария саласы бойынша өзекті мәселелер талқыланған. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдерін қабылдаған екен. Қабылдау барысында әр ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында атқарылатын жұмыстар және басқа да жоспарланған жобалары жөнінде ауыл әкімдерінің есептерін тыңдаған. Қарабұйрат, Барқытбел, Теректі, Некрасовка, Батпақты, Бестерек ауылдарына барып тұрғындармен кездесу өткізген. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу мәселелері қозғалып, тиісті сала басшылары тапсырмалар алды. Сонымен қатар наурыз айында Үржар ауданына Қазақстан Республикасының су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аудан әкімі вице-министрді ауданда орналасқан Егінсу және Қарақол су қоймаларының жағдайымен таныстырды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

9. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 1375,5 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Аудандық әкімішіліктің мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік мекемелер басшылары, партия және БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген аппарат отырыстарын жиі өткізген. Кеңейтілген аппарат отырысында күн тәртібінде келесі сұрақтар қаралды: су тасқынының алдын алу іс-шаралары туралы, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы, оның ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі, ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі, негізгі капиталға инвестиция, бөлшек тауар айналымының көлемі және жұмыс істеп тұрған шағын және орта субъектілердің саны туралы және басқа да мәселелер қарастырылды. Су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныса келе міндетті түрде кезекшілік ұйымдастырып, барлық тиісті шараларды ұйымдастырып, тәулік бойы жағдайды бақылауда ұстауды тапсырған. Ауылдарды аралай келе ауылдық округ әкімдеріне қар шығару жұмыстарын жалғастырып, ауылдық округтегі барлық су өткізгіш көпірлер мен құбырларды толық тазалап, инертті материалдарды дайындауды тапсырған.  

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

10. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 764,1 баллмен көш соңына жайғасты. Аудан басшысы өзінің ресми парақшасын әдеттегідей жүргізбеген. Алайда ауданда жарияланған төтенше жағдайларға байланысты аудандық әкімдік белсенді жұмыстар атқарған. Ол жұмыстарды аудан әкімдігінің парақшасынан байқауға болады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданының әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив