Семейдегі жарнама мәтіндері назарға алынды
Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Сыртқа ілсең жарнама, ана тілін қорлама!» атты айлық басталғаны белгілі.
Оның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда маңызды рөл атқаратын жарнама және көрнекі ақпарат мәтіндерін Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес орналасуын бақылау.
Жақында осы айлық аясында қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының қатысуымен Глинка көшесі бойында орналасқан бизнес нысандарындағы жарнама мен көрнекі ақпараттарға бақылау жүргізілді. Азық-түлік дүкендері, сұлулық салондары, тамақтану орындары, дәріханалар сияқты 57 нысан қамтылып, мелекеттік тілдің сақталу заңдылығы түсіндіріліп, әдістемелік кеңестер берілді.
Қала көлемінде өтіп жатқан айлық мамырдың 1-не дейін жалғасын табады.
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.